Қиындыққа тап болған отбасы жалғыз қалмайды
Мемлекет басшысының отбасы институтын нығайту, ата-ана мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Тараз қаласында Отбасын қолдау орталығының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Өңір басшысы өз сөзінде мұндай орталықтардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Себебі қиын жағдайға тап болған отбасыға уақытылы көмек көрсетілсе, мәселенің күрделенуіне жол бермеуге мүмкіндік бар. Әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қызметтердің бір жерден ұсынылуы тұрғындарға қажетті қолдауды тез әрі тиімді алуға жағдай жасайды.
– Отбасын қолдау орталығының басты міндеті – қиындыққа тап болған азаматтарға уақытылы көмек көрсету және мәселенің ушықпауына жол бермеу. Мұнда тұрғындар әлеуметтік, құқықтық және психологиялық кеңес алып, қажетті көмекті бір жерден ала алады. Ең бастысы – көмекке мұқтаж отбасы өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек. Сондықтан орталық мамандарының жұмысына үлкен жауапкершілік жүктеледі, – деді Ербол Қарашөкеев.
Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын 2025 жылы бастаған болатын. Содан бері мұнда мыңдаған тұрғын қажетті кеңес пен көмекке жүгінген. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында орталық мамандары 3 мыңнан астам азаматқа құқықтық, психологиялық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес беріп, 1 200 отбасыға кешенді қолдау көрсеткен. Бұл көрсеткіш орталық жұмысының қажеттілігін айқын аңғартады. Себебі кей жағдайда отбасы ішіндегі мәселелерді өздігінен шешу мүмкін болмай, мамандардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Мұндай сәтте кәсіби кеңес беру, құқықтық бағыт көрсету, психологиялық қолдау және әлеуметтік қызметтердің бір жүйеде ұйымдастырылуы отбасы мүшелеріне қиындықтан шығудың тиімді жолын табуға мүмкіндік береді.
Жаңа ғимараттың ашылуы орталықтың қызмет көрсету мүмкіндігін де кеңейтіп отыр. Мұнда тұрғындарға қажетті жағдай жасалған. Атап айтқанда, психолог, заңгер және әлеуметтік қызмет көрсету кабинеттері, ана мен баланы қабылдау бөлмесі, уақытша жатын орын, асхана және мәжіліс залы қарастырылған. Барлық бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда орталықта 20 штаттық бірлік қарастырылған. Оның ішінде 17 маман тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Әр маманның алдында өзіне жүгінген азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, қажетті бағыт-бағдар беру, тиісті қызметтерге жолдау және жағдайды тұрақтандыруға ықпал ету міндеті тұр.
Отбасын қолдау орталығының басты ерекшелігі – көмекке мұқтаж азаматтың бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырмай, қажетті қызметтерді бір жерден ала алуы. Бұл әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар үшін маңызды. Өйткені қиын кезеңде адамға тек материалдық көмек емес, дұрыс кеңес, құқықтық сауаттылық және психологиялық қолдау да қажет.
Бүгінде отбасының әл-ауқатын арттыру, ата-ана мен баланың құқықтарын қорғау, тұрмыстық қиындықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласында жаңа Отбасын қолдау орталығының іске қосылуы – тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Әр отбасының мәселесі – қоғамның ортақ мәселесі. Сондықтан қиындыққа тап болған жанға қолдау көрсету, отбасындағы ахуалды тұрақтандыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаның жауапкершілігі. Жаңа орталық осы бағыттағы жұмыстарды бір арнаға тоғыстырып, көмекке мұқтаж отбасылар үшін сенімді тірек болмақ.