Құрылтай

Қаржылық қауіпсіздік – уақыт талабы

0 8

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірін айтарлықтай жеңілдеткенімен, интернет кеңістігіндегі қаржылық алаяқтықтың да жаңа түрлерінің көбеюіне жол ашты. Бүгінде қаржы пирамидалары, дропперлік схемалар, жалған инвестициялық жобалар мен жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейктер қоғам үшін өзекті қауіптердің біріне айналып отыр. Осыған байланысты азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру және цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға ерекше мән берілуде.

Осы мақсатта Тараз қаласында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «ҚМА Online – 2026: Қаржылық қауіпсіздік бойынша тренинг» атты форум ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өтіп, қоғамда қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды.

Форумға облыстық полиция департаментінің, облыс әкімдігі білім басқармасының және облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Сонымен қатар облыстың барлық аудандарындағы мемлекеттік мекемелердің, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен кәсіпкерлер «Zoom» платформасы арқылы онлайн режимде қосылып, мамандардың дәрістерін тыңдады.

Алғашқы болып сөз алған облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Ержан Кенжебаев қаржылық қауіпсіздік мәселесі әрбір азамат үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығы артқан сайын интернет алаяқтарының құрбаны болатын адамдардың саны азаяды. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетов интернет алаяқтығының жаңа тәсілдері туралы айтып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын қылмыстардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын жеткізді. Ол азаматтарды жеке мәліметтерді қорғауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, құпия кодтарды ешкімге бермеуге және өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын белгісіз адамдарға сенбеуге шақырды.

Форум барысында облыстық психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлімінің басшысы Тұрғын Байдаулетова мен облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев та қаржылық қауіпсіздік, цифрлық алаяқтықтың алдын алу және кәсіпкерлердің құқықтық қорғалуына қатысты өз пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара барысында мамандар қаржы пирамидаларының жұмыс істеу тәсілдері, дропперлік қылмыстардың қаупі, дипфейк технологияларының мүмкіндіктері, цифрлық гигиенаның негізгі қағидалары және интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден қорғану жолдары жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі цифрлық дәуірде әр азаматтың сақтығы мен сауаттылығы ғана қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі бола алады.