Құрылтай

Жасанды интеллект – білім берудің жаңа мүмкіндігі

0 6

Бүгінде әлемдік білім беру кеңістігі жаңа технологиялармен тығыз байланыста дамып келеді. Әсіресе жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне тиімді енгізу – заман талабы. Осы бағытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жүзеге асырылып жатқан «AI-Sana» бағдарламасы студенттердің цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың инновациялық жобалар әзірлеуіне мүмкіндік беруде.

Бағдарламаның басты мақсаты – болашақ педагогтердің жасанды интеллект құралдарын меңгеруіне жағдай жасау, заманауи технологияларды білім беру саласында тиімді қолдану дағдыларын қалыптастыру. Жоба аясында студенттер жаңа цифрлық шешімдер ұсынып, білім беру үдерісін жетілдіруге бағытталған тың бастамаларын таныстыруда.

Аталған бағдарламаға университеттің 2173 студенті қатысуға өтінім берген. Іріктеу нәтижесінде 979 білім алушы жобаға қабылданып, олардың 240-ы арнайы оқу кезеңін толық аяқтап, алғашқы цифрлық жобаларын сәтті қорғаған.

Бағдарлама аясында әзірленген жобалардың бірі – математика, физика және информатика факультетінің студенті Нұрай Майлыбайдың «Зерде AI» платформасы. Бұл жоба оқушылардың білім деңгейін саралап, олардың оқу барысында жіберген қателерін анықтауға және жеке тапсырмалар ұсынуға бағытталған.

Платформа арқылы әр оқушының біліміндегі олқылықтарды қысқа уақыт ішінде анықтап, оның қабілеті мен дайындық деңгейіне сай тапсырмалар әзірлеуге болады. Мұндай жүйе білім алушының жеке мүмкіндігін ескеруге, мұғалімнің уақытын тиімді пайдалануға және оқу сапасын арттыруға ықпал етеді.

– Бұл бағдарлама бізге жасанды интеллект мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде қолдануға үйретті. Өзім әзірлеген жүйе оқушылардың білім деңгейін талдап, әрқайсысына жеке тапсырма ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, – дейді Нұрай Майлыбай.

Ал бағдарлама қатысушысы Жайдары Нығметханова ұсынған «SmartSana» жобасы да білім беру саласындағы цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған. Жоба пәнаралық байланысты нығайтуға, интерактивті оқу материалдарын дайындауға және оқушылардың жетістіктерін бағалау жүйесін жетілдіруге арналған.

«SmartSana» платформасы арқылы мұғалімдер көрнекі материалдарды жылдам әзірлеп, білім алушылардың оқу нәтижелерін саралай алады. Сонымен қатар оқушы мен ұстаз арасындағы кері байланысты жақсартуға мүмкіндік береді.

– «AI-Sana» бағдарламасы шығармашылық ізденуге үлкен мүмкіндік берді. Жасанды интеллект құралдарының көмегімен білім беру үдерісін жаңа деңгейге көтеретін шешім әзірлеуге тырыстым. Бұл жүйе оқушының даму динамикасын бақылап, оның оқу жетістіктерін талдауға көмектеседі, – дейді Жайдары Нығметханова.

Қазіргі таңда педагог мамандарға тек өз пәнін жетік білу жеткіліксіз. Заманауи мұғалім цифрлық технологияларды меңгеріп, оларды оқу үдерісінде тиімді пайдалана білуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда «AI-Sana» бағдарламасы болашақ ұстаздардың технологиялық сауатын арттырып, жаңа педагогикалық тәсілдерді игеруіне мүмкіндік беріп отыр.

Бағдарламаның ерекшелігі – студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, нақты мәселелерді шешуге бағытталған практикалық жобалар әзірлейді. Бұл олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, инновациялық ойлау дағдысын қалыптастырады.

Жасанды интеллект бүгінде тек ақпараттық технология саласының құралы емес, білім беру жүйесінің де маңызды бөлігіне айналып келеді. Мұндай жобалар болашақ педагогтерді жаңа талаптарға бейімдеп, еліміздің білім беру саласының цифрлық дамуына серпін береді.

«AI-Sana» бағдарламасы арқылы студенттердің жүзеге асырып жатқан жобалары жасанды интеллектінің білім сапасын арттырудағы мүмкіндігі мол екенін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта осындай бастамалар отандық білім жүйесінің жаңғыруына және заманауи, білікті мамандар даярлауға өз үлесін қоса бермек.