Еуроодақ балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын шектемек
Еуропалық комиссия балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін реттейтін, бірыңғай ережелерді қамтитын заң жобасын әзірлеп жатыр. Құжатты жазғы демалыстан кейін таныстыру жоспарланған.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, бүгінде мәселе онлайн-платформалардың балаларға қауіп төндіретін-төндірмейтінінде емес, олардың интернеттегі қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болатынында.
Жаңа ережелерге сәйкес, 13 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желілерді тек шектеулі режимде және ата-анасының бақылауымен пайдалана алады. Баланың жасы ұлғайған сайын әлеуметтік желілерге қолжетімділік кезең-кезеңімен кеңейтіледі.
Шектеулер ең алдымен, тәуелділік қалыптастыруы мүмкін немесе балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін функциялары бар платформаларға қатысты болады.