Вакцинация – жұқпалы аурулардың сенімді қалқаны
Вакцинация – жұқпалы аурулардан қорғанудың ең қауіпсіз әрі тиімді жолы. Вакцина адам өмірін сақтап, денсаулықты нығайтуға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға және бала өлімін азайтуға зор ықпал етеді.
Халық арасында ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы да вакцинациямен тікелей байланысты. Қоғамдағы адамдардың басым бөлігі екпе алған жағдайда инфекциялардың таралуы тежеліп, эпидемияның алдын алуға мүмкіндік туады. Сондықтан екпеден бас тартпас бұрын медицина қызметкерлерінен оның маңызы мен салдары туралы толық ақпарат алған жөн. Себебі кейбір жұқпалы аурулар жеңіл өткендей көрінгенімен, ауыр асқынуларға әкелуі әбден мүмкін. Мәселен, эпидемиялық паротит менингит, панкреатит, орхит секілді дерттердің дамуына себеп болады. Ал қызамық балаларда энцефалит туындатуы ықтимал. Сондай-ақ жүкті әйелдер үшін аса қауіпті. Жүктіліктің алғашқы айларында жұқтырған жағдайда сәби туабітті жүрек ақауымен, орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен немесе есту, көру қабілетінің бұзылуымен дүниеге келуі ғажап емес. Полиомиелит те баланың өмір бойы мүгедек болып қалуына себеп болатын қатерлі инфекциялардың бірі.
Жалпы вакциналардың бірнеше түрі бар. Олардың қатарында белсенділігі жойылған және тірі вакциналар, сондай-ақ бір немесе бірнеше инфекцияға қарсы біріктірілген түрлері қолданылады. Қазақстанда балаларға арналған ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес БЦЖ вакцинасы нәрестеге туғаннан кейінгі 1-4 күн аралығында салынады. Осы кезеңде «В» вирусты гепатитіне қарсы екпе де жүргізіледі. Екі айдан бастап балаларға көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, гемофильді инфекция, вирусты гепатит және пневмококк инфекцияларына қарсы кешенді гекса және пента вакциналары егіледі.
12-15 айлығында қызылша, қызамық, паротит, полиомиелит және пневмонияға қарсы екпе салынады. Қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы ревакцинация 6 жаста жасалады. 18 айлық балаларға гемофильді инфекция, вирусты гепатит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе және полиомиелитке қарсы қайта егу қарастырылған. Ал «А» вирусты гепатитіне қарсы вакцина 2 жаста және 2 жас 5 айда жүргізіледі. 16 жастан кейін сіреспе мен дифтерияға қарсы екпені әр он жыл сайын қайталап тұру қажет.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 ақпандағы №102 қаулысына сәйкес жоспарлы профилактикалық егулер тізбесіне адам папилломасы вирусына қарсы вакцина енгізілді. Бұл өзгеріс елімізде жатыр мойны обырынан болатын өлім жітім көрсеткішінің жыл сайын артуына байланысты қабылданған. Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1 600 жаңа жағдайы тіркеліп, 500-ден астам әйел осы дерттен көз жұмады. Бұл ауру әйелдер арасындағы қатерлі ісіктердің ішінде сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр. Мамандардың айтуынша, HPV-ге қарсы вакцина жатыр мойны обырының 90 пайызға дейін алдын алуға мүмкіндік береді. Вакцинация 11 жастағы қыз балаларға алты ай аралықпен екі рет жүргізіледі.
Кей адамдар иммунитетті күшейту үшін тек дұрыс тамақтану немесе дәрумендер қабылдау жеткілікті деп есептейді. Алайда мұндай бейспецификалық профилактика ағзаның қорғаныс қабілетін арттырғанымен, қызылша, көкжөтел, дифтерия, қызамық секілді аса жұқпалы инфекциялардан толық қорғай алмайды. Әсіресе ата-аналардың бала денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны маңызды. Кейбіреулер бұл аурулар сирек кездеседі немесе қауіпсіз деп ойлап, екпеден бас тартады. Бірақ вакцина алмаған балаларда аталған инфекциялар өте ауыр өтеді, күрделі асқынуларға әкеліп, кей жағдайда өлімге себеп болуы мүмкін.
Жұқпалы аурулардың алдын алуда да екпенің орны ерекше. Сондықтан елімізде халықты иммундау үшін арнайы тіркелген және қолдануға рұқсат етілген иммундық-биологиялық препараттар пайдаланылады. Профилактикалық екпелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысымен бекітілген мерзімдерге сәйкес жүргізіледі.
Сол секілді қызылшаның алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Жоспарлы түрде қызылшаға қарсы екпе 12-15 айда, ал ревакцинация 6 жаста жасалады. Егу алдында дәрігер баланың денсаулығын тексеріп, екпе алуға рұқсат береді. Вакцина арнайы дайындықтан және жыл сайынғы аттестациядан өткен медбикелер арқылы арнайы егу кабинеттерінде жасалады. Екпеден кейін балалар медициналық бақылауда болады. Егер денсаулығында уақытша немесе тұрақты қарсы көрсетілімдер анықталса, тиісті шешім қабылданып, бақылау күшейтіледі.
Уақытылы жүргізілген вакцинация балаңызды көптеген жұқпалы аурудан қорғайды. Сондықтан екпе – адам денсаулығын сақтаудың, қауіпті инфекциялардың алдын алудың және ұзақ өмір сүрудің сенімді жолы екенін естен шығармаған жөн.
Вакцинация туралы деректер де мұның маңызын айқындай түседі. Мәселен, дәл осы иммундаудың арқасында полиомиелит ауруы әлемде 99 пайызға азайды. В гепатитіне қарсы вакцина бауыр қатерлі ісігі мен созылмалы гепатиттің алдын алуда 95 пайыз тиімділік көрсетеді. Ал біріктірілген вакциналарды қолдану балаларға аз мөлшерде инъекция жасап, емханаға сирек келуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде балаға түсетін психологиялық және физикалық жүктемені азайтады.
Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат байлық. Оны қорғаудың ең сенімді жолдарының бірі – вакцинация. Әрбір ата-ана мен азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпелерді уақытылы алғаны жөн.