Құрылтай

Батыр аманатына адалдық

0 7

«Отанды қорғау – қастерлі борыш», «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгінген ер ғана нағыз азамат». Бұл – даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының әрбір жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік рухын ұялататын қанатты сөздері. Батырдың бұл өсиеттері мен үшін өмірлік ұстанымға айналды. Өйткені Отанға қызмет ету – жай ғана мамандық таңдау емес, ол – ел алдындағы жауапкершілік пен азаматтық парыз.

Мен – Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылының тумасымын. Батыр бабамыздың кіндік қаны тамған қасиетті өлкеде өсіп, оның ерлігі мен өр рухы жайлы әңгімелерді тыңдап ержеттім. Туған жердің тағылымы, ата-анамның тәрбиесі мені кішкентайымнан әскери қызметке қызықтырып, ел қорғауды асыл арманымның біріне айналдырды. Бір күні ата-анам Тараз қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған әскери мамандандырылған мектеп-интернаттың ашылатынын айтты. Бұл жаңалықты естіген сәтте-ақ осы оқу ордасында білім алуды мақсат еттім. Құжаттарымды тапсырып, сынақтан сүрінбей өтіп, мектеп-интернаттың курсанты атандым.

Бүгінде 9-сыныпты аяқтап, 10-сыныпқа қадам басып отырмын. Осындай білім ордасында оқып жүргенімді үлкен мәртебе санаймын. Бұл мектепте біз тек сапалы білім алып қана қоймаймыз, болашақ әскери қызметке жан-жақты дайындаламыз. Мұнда әр курсантқа барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, жайлы жатақхана, тегін тамақ және сапалы тәрбие жүйесі қарастырылған. Таңғы уақытта жаратылыстануматематика бағытындағы пәндер тереңдетіліп оқытылса, түстен кейін қоян-қолтық ұрыс, саптық дайындық, дене шынықтыру және әскери машықтар бойынша жаттығулар өткізіледі. Мектептің тағы бір ерекшелігі – мұндағы ұстаздар мен офицер-тәрбиешілердің қамқорлығы. Олар бізге тек білім беріп қоймай, жауапкершілікке, тәртіпке, адалдыққа және елжандылыққа тәрбиелейді. Әр сабақтан, әр дайындықтан олардың кәсібилігімен қатар, шәкірттеріне деген жанашырлығын сезінеміз. Осындай тәлімнің арқасында жаңа ортаға тез бейімделіп, өзіме сенімді бола бастадым. Әрине, алғашқы күндері әскери тәртіпке үйрену оңай болған жоқ. Таңсәріден ояну, күн тәртібін қатаң сақтау, әр минутты тиімді пайдалану, өзіңе жүктелген міндетті мүлтіксіз орындау бастапқыда қиындық туғызды.

Алайда уақыт өте келе осы талаптардың барлығы адамның бойында жауапкершілік, ұқыптылық, төзімділік пен ерік-жігерді қалыптастыратынын түсіндім. Бүгінде мектеп-интернаттағы әр күнім белгілі бір жоспармен өтеді. Сабақ оқу, спортпен айналысу, әскери дайындық, кітап оқу, өзін-өзі дамыту – барлығы жүйелі ұйымдастырылған. Мұндай тәртіп адамның уақытты бағалауына, өз мақсатына табандылықпен жетуіне және көшбасшылық қасиеттерін дамытуына ықпал етеді. Менің ойымша, әскер – тек қару асынып, күзетте тұру емес. Әскер – халықтың тыныштығы мен елдің қауіпсіздігіне қызмет ету, қиын сәтте Отанның қорғаны болу. Сондықтан болашағымды әскери қызметпен байланыстыру туралы шешімді саналы түрде қабылдадым.

Алдағы мақсатым – әскери жоғары оқу орнына түсіп, кәсіби офицер атану және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында адал қызмет ету. Мен үшін Бауыржан Момышұлы – батыр ғана емес, өмірлік бағдаршам. Оның ерлігі – ұлтқа үлгі, өсиеті – біз үшін аманат. Сондықтан мен әр жетістігім арқылы туған ауылымның, ата-анамның және ұстаздарымның сенімін ақтауға тырысамын. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді халқымыз. Мен осы сенімге лайық болу үшін бүгіннен бастап өзімді шыңдап келемін. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мамандандырылған мектеп-интернатта алған білімім мен тәрбием болашақта Отан қорғау жолындағы ең берік іргетас болады деп сенемін. Ел тыныштығы мен мемлекет қауіпсіздігін қорғау – менің басты мақсатым әрі өмірлік мұратым.