Конституция

Жаңа Конституцияның мазмұны мен оның қоғам өміріндегі маңызына арналған кездесу өтті

0 6

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әлеуметтік сала мамандарының қатысуымен Жаңа Конституцияның мазмұны мен оның қоғам өміріндегі маңызына арналған кездесу өтті. Басқосуға басқарма қызметкерлері, әлеуметтік қорғау саласының мамандары және ардагерлер қатысып, еліміздің басты құжатының негізгі қағидаттары төңірегінде пікір алмасты.

Кездесуді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Төрегелдиев ашып, Конституция – мемлекет дамуының берік іргетасы әрі қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін басты құқықтық құжат екенін атап өтті.

– Конституция – мемлекеттің саяси, әлеуметтік және экономикалық даму бағытын айқындайтын Ата Заң. Онда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік нақты белгіленген. Сондықтан жаңа Конституцияның мазмұнын халыққа жан-жақты түсіндіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл құжат заң үстемдігін нығайтып, әділетті қоғам құруға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың ел басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашады, – деді Самат Болатұлы.

Сонымен қатар ол әлеуметтік саланың қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілікке де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, халықпен күнделікті жұмыс істейтін мамандар заң талаптарын терең меңгеріп қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғауда, әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруда Конституция қағидаларын басшылыққа алуы тиіс.

– Әлеуметтік сала – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан әрбір әлеуметтік қызметкердің кәсіби біліктілігімен қатар құқықтық сауаттылығы да жоғары болуы қажет. Конституцияда айқындалған әлеуметтік мемлекеттің қағидаттарын жүзеге асыру – біздің басты міндетіміз. Бұл тұрғыда мемлекет азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, мүмкіндігі шектеулі жандарды, ардагерлерді, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Мұның барлығы Ата Заңда бекітілген әлеуметтік әділеттілік қағидаттарымен сабақтас, – деді ол.

Кездесуде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Нағима Арапова да сөз сөйлеп, Конституцияның тарихи маңызы мен оның ел дамуына қосқан үлесіне кеңінен тоқталды.

– Әрбір мемлекеттің болашағы оның заңдарының өміршеңдігімен өлшенеді. Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол халықтың бірлігі мен мемлекет тұрақтылығының кепілі. Жаңа Конституцияда адам құқығы мен бостандығын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, әділетті қоғам қалыптастыруға басымдық берілген. Бұл – еліміздің демократиялық даму жолындағы маңызды қадамдарының бірі, – деді Нағима Арапова.

Ардагер өз сөзінде бүгінгі таңда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың өзектілігіне де назар аударды.

– Конституцияны білу – заңгерлердің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Өз құқығын білетін адам өз міндетін де жауапкершілікпен орындайды. Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына заңға құрметпен қарау, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын сіңіру аса маңызды. Бұл – елдің ертеңіне салынған инвестиция, – деді ол.

Жиын барысында қатысушылар Жаңа Конституцияның негізгі бөлімдері, онда көзделген өзгерістер мен жаңашылдықтар жөнінде кеңінен пікір алмасты. Сондай-ақ Ата Заңның қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы рөлі сөз болды.

Кездесу соңында әлеуметтік сала мамандары Конституция талаптарын күнделікті қызметте басшылыққа алып, халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсетудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар мұндай мазмұнды кездесулер құқықтық мәдениетті арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін күшейтуге және қоғамда заңға құрметті қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.