Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі

0 8

Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, полиция бөлімшелерінің өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Салтанатты жиынға қатысқан Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқықтық мемлекет құру бағытындағы бастамаларына назар аударып, «Заң мен тәртіп» қағидатының ел дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әділетті қоғам құрудың басты қағидаты ретінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын айқындап берді. Президентіміз атап өткендей, полиция қызметкері – азаматтардың қауіпсіздігінің кепілі, қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіптің тірегі. Сіздердің өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күресу және жол қауіпсіздігін сақтау бағытындағы еңбектеріңіз зор. Жыл басынан бері облыстағы криминогендік ахуалдың жақсаруы атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін көрсетіп отыр, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында құқық қорғау органдарының өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары сараланып, қол жеткізілген нәтижелер айтылды.

Ресми мәліметке сәйкес, биылғы жылдың алғашқы бес айында облыстағы қылмыстық ахуалдың жақсарғаны байқалған. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар 56,3 пайызға, ауыр қылмыстар 17,3 пайызға, ауырлығы орташа қылмыстар 4,9 пайызға және онша ауыр емес қылмыстар 13,4 пайызға төмендеген.

Құқық қорғау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Биыл жергілікті бюджеттен бұл салаға 21,4 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,2 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен бейнебақылау жүйелері жаңартылып, қызметтік автокөліктермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Салтанатты жиында қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының рухына тағзым жасалды. Ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов бастаған батыр полицейлердің есімі құрметпен аталып, олардың ерлігі кейінгі буынға үлгі екені айтылды.

Мерекелік іс-шара аясында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары кәсіби шеберлік танытқан бірқатар полиция қызметкерлері марапаттарға ие болды.

Жиын соңы қазақстандық эстрада жұлдыздары мен облыс өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, тәртіп сақшыларына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қоғам тыныштығын күзетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты парыз санайтын полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Өңірдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуына қосылып отырған олардың үлесі айрықша.