Халық игілігіне бағытталған жобалар назарда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерімен телефон арқылы сөйлесу барысында азаматтар мүддесіне қатысты әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдауды, балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді және барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Осы тапсырмалар аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен облыс әкімі №27 орта мектептің жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. Аталған білім ордасының қолданыстағы ғимараттары 1957, 1963 және 1970 жылдары салынған. Бүгінде олардың тозығы жеткен. Осыған байланысты 600 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.
Ербол Қарашөкеев құрылыс жұмыстарын бекітілген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Қала әкімдігіне құрылыс сапасын тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын төмендетпеуді және тұрғындар мен ата-аналар көтеретін мәселелерге жедел ден қоюды тапсырды.
– Президент балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді тапсырды. Бұл мектеп – сол міндеттердің бірі. Сондықтан мұнда сапаға да, мерзімге де қатысты ешқандай мәселе болмауы тиіс, – деді облыс әкімі.
Жалпы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы облыста 13 білім беру нысаны пайдалануға беріліп, 4,5 мың оқушыға қосымша орын ашылды.
Денсаулық сақтау саласында 4 жаңа нысан іске қосылды. Сонымен қатар 10 спорт нысаны мен 103 спорт алаңы пайдалануға берілді.
Одан кейін өңір басшысы «Отбасын қолдау» орталығы ғимаратындағы жөндеу жұмыстарын тексерді.
Облыс әкімі бұл орталықтың әлеуметтік маңызы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, сапаны қатаң бақылау және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру қажеттігіне назар аударды.
Бұдан соң Ербол Қарашөкеев Абай даңғылы бойындағы жол өткелінің құрылыс алаңында болды.
Аталған жоба теміржолдың екі жағында тұратын тұрғындардың көп жылдан бергі мәселесін шешуге бағытталған. Аймақ басшысы құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді, қауіпсіздік талаптарын сақтауды және тұрғындарға келетін қолайсыздықтарды барынша азайтуды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатып, көтерілген мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін айтты.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарымен де танысты.
Қазіргі таңда нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 62 пайызы орындалған. Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын күшейтуді және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар вокзал аумағында жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, сауда орындарын ретке келтіру, рұқсатсыз саудаға жол бермеу, санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің сапалы орындалуы басты назарда екенін атап өтті.
– Президент әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысын жеделдетуді, азаматтарды толғандырған мәселелерді уақытылы шешуді және халықпен тұрақты байланыста болуды тапсырды. Сондықтан әрбір жоба нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, балаларға қолайлы жағдай жасау және халыққа сапалы қызмет көрсету, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы барлық нысандардағы жұмыстардың сапасы мен мерзімінің сақталуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.