Өңір экономикасы өркендеп келеді

0 29

Ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуы ең алдымен өңірлердегі нақты көрсеткіштер арқылы бағаланатыны белгілі. Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер бүгінде республика өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Солардың қатарында Шу ауданы да бар. Соңғы жылдары аудан экономикасында оң өзгерістер орын алып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және кәсіпкерлік салаларында айтарлықтай серпін байқалуда.

Жақында аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде болып, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен танысқан едік. Мәліметтерге сүйенсек, жылдың алғашқы үш айы аудан үшін табысты кезеңдердің бірі болған.

Экономикадағы оң серпін

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша ауданда өндірілген жалпы өнім көлемі 44 миллиард 138,9 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 миллиард 790,1 миллион теңгеге артық. Өсім деңгейінің 206,7 пайызға жетуі аудан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Экономикадағы мұндай жоғары көрсеткіш кездейсоқ жетістік емес. Соңғы жылдары өндіріс орындарын жаңғырту, инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауданның өндірістік әлеуеті артып, экономикалық белсенділігі күшейе түскен.

Өнеркәсіп өндірісі еселеп артты

Аудан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі саналатын өнеркәсіп саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Есепті кезеңде өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 25 миллиард 194,5 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 118,7 пайызды құрады. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш небәрі 8 миллиард 42,8 миллион теңге болған.

Мамандардың айтуынша, өндіріс көлемінің ұлғаюы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, тұрғындардың табысының артуына және аудан бюджетінің кіріс көздерінің көбеюіне ықпал етеді. Сонымен қатар өнеркәсіптің дамуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына жол ашады.

Қазіргі таңда аудан аумағындағы өндірістік кәсіпорындар заманауи технологияларды енгізіп, өнім көлемін ұлғайтуға басымдық беруде. Бұл өз кезегінде өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік жасап отыр.

Аграрлы өңірдің әлеуеті артуда

Шу ауданы ежелден ауыл шаруашылығына бейім өңір ретінде танылған. Сондықтан бұл сала аудан экономикасының маңызды тіректерінің бірі саналады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 3 миллиард 369,2 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,5 пайызға орындалды.

Әсіресе мал шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетуде. Бұл бағытта 3 миллиард 343,9 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Аудан шаруалары төрт түлік мал басын көбейтіп қана қоймай, өнім сапасын жақсартуға да ерекше көңіл бөлуде.

Ал өсімдік шаруашылығы бойынша 5,3 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Көктемгі егіс жұмыстарының қарқынды жүргізілуі алдағы айларда бұл көрсеткіштің еселене түсуіне мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігі де осы саладан айқын көрінеді. Заманауи техникаларды пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және субсидиялау тетіктері шаруалардың еңбек өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.

Инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетті

Алғашқы тоқсан қорытындысындағы ең маңызды жетістіктердің бірі – негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі. Биыл аудан экономикасына 95 миллиард 716,8 миллион теңге инвестиция бағытталып, нақты көлем индексі 445,5 пайызды құрады.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 72 миллиард 253,2 миллион теңгеге артық көрсеткіш.

Инвестицияның артуы ауданның экономикалық әлеуетіне деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Соңғы жылдары инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді жаңғырту және кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар инвесторлардың қызығушылығын арттырған.

Сарапшылардың пікірінше, инвестиция көлемінің өсуі алдағы уақытта жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және бюджет түсімдерінің ұлғаюына ықпал етеді.

Құрылыс саласында қарқын жоғары

Шу ауданында құрылыс саласы да қарқынды дамып келеді. Бірінші тоқсанда құрылыс жұмыстарының көлемі 5 миллиард 284,7 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 198,6 пайызға жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 миллиард 730,4 миллион теңгеге артық көрсеткіш.

Құрылыс саласындағы белсенділік тұрғын үй құрылысы бағытында да байқалады. Биылғы жылдың наурыз айында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7659 шаршы метрді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101 пайыздық өсімді көрсетеді.

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені белгілі. Осы мақсатта ауданда тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандар салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Сауда саласы тұрақтылықтың айнасы

Экономиканың даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – сауда саласы. Биыл бөлшек сауда тауар айналымы 6 миллиард 766,5 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрады. Көтерме сауда айналымы да өсіп, 3 миллиард 159 миллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 152,3 миллион теңгеге артық.

Сауда көлемінің артуы тұрғындардың сатып алу қабілетінің сақталғанын және кәсіпкерлік белсенділіктің жоғарылағанын көрсетеді. Бұл өз кезегінде аудан экономикасындағы тұрақтылықтың айқын дәлелі болып табылады.

Тұрақты даму – басты мақсат

Аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Динара Ахылбекованың айтуынша, бірінші тоқсан қорытындылары аудан экономикасының тұрақты даму жолында екенін көрсеткен.

– Биылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер көңіл қуантады. Әсіресе инвестиция көлемінің артуы, өнеркәсіп пен құрылыс салаларындағы жоғары өсім маңызды нәтиже болып отыр. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды іске асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Негізгі мақсатымыз – аудан экономикасын әртараптандырып, тұрақты өсімді қамтамасыз ету, – дейді бөлім басшысы.

Жетістіктің негізі – жүйелі еңбек

Бүгінде Шу ауданы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің қатарына қосылып отыр. Экономиканың негізгі салаларындағы өсім, инвестиция көлемінің ұлғаюы, құрылыс пен кәсіпкерліктің жандануы ауданның болашағына деген сенімді арттыра түсуде.

Ең бастысы – қол жеткізілген жетістіктердің барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Әрбір іске қосылған өндіріс орны, әрбір салынған тұрғын үй мен әлеуметтік нысан – халық игілігі үшін жасалған нақты қадам.

Берекелі Шу өңірінің бүгінгі табысы – бірлік пен еңбекқорлықтың, жауапкершілік пен жүйелі жұмыстың жемісі. Алдағы уақытта да ауданның даму қарқыны бәсеңдемей, жаңа белестерді бағындырып, өңірлік өркендеудің жарқын үлгісіне айнала беретініне сенім мол.