Өрт оқиғасына талдау жүргізілді

0 5

Меркі ауданындағы № 9 өрт сөндіру бөлімінде «BigFamily» сауда үйінде орын алған өрт оқиғасының себептері мен салдарын талқылауға арналған арнайы іс-шара өтті. Оқу-жаттығу форматында ұйымдастырылған жиынға өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы, автокөлік жүргізушілері және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында өрт сөндіру барысындағы жеке құрамның іс-қимылдары жан-жақты қарастырылды. Қызметкерлер нақты жағдайларды талдап, өрт сөндіру кезінде туындайтын қиындықтарды, қауіпсіздік талаптарын орындау мәселелерін пысықтады. Өрт сөндіру барысындағы әрбір әрекет егжей-тегжейлі сараланып, тәжірибе мен кәсіби машықтарды жетілдіру жолдары қаралды.

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразаков жеке құрамға тапсырмалар беріп, жауынгерлік дайындық пен қауіпсіздік шараларын күшейтуге ерекше көңіл бөлді. Ол өрт сөндіру кезінде дұрыс тактика мен жылдам әрекет ету маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар, іс-шара барысында өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушілеріне арнайы сабақ ұйымдастырылды. Оқу барысында техниканы қауіпсіз әрі тиімді пайдалану, төтенше жағдайға жедел әрекет ету әдістері көрсетілді. Азат Абдразаков жүргізушілерге автокөлікті әрдайым толық дайындап ұстау, маневрлік қабілетті арттыру және өрт сөндіру учаскесіне уақытылы жету маңызды екенін ескертті.

Меркі ауданындағы бұл іс-шараның басты мақсаты – өрт сөндіру қызметінің кәсіби деңгейін арттыру, техникалық дайындығын тексеру және қауіпсіздік стандарттарын сақтау. Жауынгерлік дайындықты жүйелі түрде жетілдіру арқылы төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін қорғау және материалдық шығынды азайту мүмкіндігі артатыны атап өтілді.

Қазіргі таңда Меркі ауданы мен Жамбыл облысында өрт қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отыр. Әрбір қызметкердің кәсіби дайындығы мен жылдам әрекеті халықты қорғауда маңызды рөл атқаратынына баса назар аударылды.