Өрт сөндіру қызметі әскери нысанда шеберлігін шыңдады

0 5

Т. Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында орналасқан №10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері №64207 әскери бөлімінің оқ-дәрі сақтау қоймасында өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. Іс-шара төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіруге және жеке құрамның кәсіби дайындығын арттыруға бағытталды.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша қойма аумағында өрт шыққан жағдайда құтқару қызметтерінің іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Қызметкерлер өртті анықтау, оқиға орнына жедел жету, жалынды оқшаулау және толық сөндіру шараларын кезең-кезеңімен орындады. Сонымен қатар, адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау және нысан ішіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау тәртібі тәжірибе жүзінде көрсетілді.

Жаттығу барысында негізгі назар оқ-дәрі сақталатын ерекше қауіпті нысандардағы өрт қауіпсіздігіне аударылды. Мұндай объектілерде кез келген кідіріс немесе қателік үлкен қауіп төндіретіні ескеріліп, жеке құрамның үйлесімді іс-қимылы мен жедел шешім қабылдау дағдылары сыналды.

Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайлар кезінде бөлімшелердің дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, өзара әрекеттестікті нығайтуға да ықпал етеді. Сонымен бірге, нақты жағдайға барынша жақын сценарийлер арқылы қызметкерлердің тәжірибесі жетілдіріледі.

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан ұйымдастырылған бұл іс-шара өңірдегі әскери және азаматтық құрылымдардың бірлескен қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.