Серіктестік тұрақты таза табыспен жұмыс істеуде

0 7

Елімізде, оның ішінде облысымызда рентабельді жұмыс істейтін агроқұрылымдар көп емес. Солардың бірі және бірегейі – Меркі ауданындағы егін және мал өсірумен шұғылданатын «Сыпатай батыр» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі. Серіктестік соңғы 14 жылдан бері өнім өткеруден тұрақты таза табыс табуды игі дәстүрге айналдырған. Шаруашылықтың егін және мал өсірудегі тәжірибесі бірнеше рет облыс және республикаға таратылды. Агроқұрылымды осындай дәрежеге оның бұрынғы басшысы, ауыл шаруашылығы саласының білгір де білікті маманы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қанат Шайхиев жеткізді.

Қанат Кеналыұлы өткен жылы жазда кенеттен қайтыс болды. Халқымыз: «Орнында бар оңалар» дейді. Оның орнына осыған дейін қаржы саласында ұзақ жылдар қызмет істеген үлкен ұлы Нұрбол Шайхиев тағайындалды. «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші,  Нұрбол Қанатұлы бір айдан кейін аграршылардың айлық жалақысын 20 пайызға өсірді. Қазір мұнда орташа айлық жалақы 300 мың теңге. Ал жыл соңында олар ортақ жетістікке қосқан үлесі, сіңірген еңбегіне қарай 13-ші жалақы беріледі. Мұның өзі сыпатайлықтарды жаңа жетістіктерге жігерлендіруде. Бүгінде шаруашылықта 50 адам жұмыс істейді. Олардың дені – Сұрат ауылының тұрғындары.

Меркі ауданының Сұрат ауылдық округі аумағында орналасқан «Сыпатай батыр» ЖШС қарамағында 2,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы бар. Оның 500 гектары суармалы. Олар былтырғы жылдың қуаңшылығына қарамастан бидай алқабының әр гектарынан – 25, арпадан 15 центнерден дән жинаған. 200 гектар жоңышқалықтан 20 мың түк мал азығы алынған. Қант қызылшасы 150 гектар алқапқа орналастырылған. Биыл да тәтті түбір бапталуда.

– Тәтті түбір өсіру кезінде басқа агротехникалық шаралар қатаң сақталды. Соның нәтижесінде әр гектардан 750 центнерден түйнек жинайтынымызға нық сенімдіміз, – дейді «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Нұрбол Шайхиев.

Агроқұрылымның тасы өрге домалап келе жатқанын көрген Меркі ауданының бұрынғы әкімі Мейірхан Өмірбеков оның басшысына 10 жыл бұрын тұқым шаруашылығын құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Олар оны қабыл алып, Алматыдағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен келісімшарт жасасып, элиталы тұқым өсіруді қолға алды. Күздік бидайдың бұрын сеуіп жүрген сұрыптарын қолданыстан алып тастап, институттан әкелінген, қуаңшылыққа төзімді, өнгіштігі жоғары «Стекловидная – 24» элиталы тұқымын септі. Бұған қоса арпаның да бірнеше жаңа сұрыптарын сатып әкеліп, сеуіп, үш жыл сынақтан өткізді. Сынақтан талапқа сай өткен ол супер элиталы тұқымға айналды. Тәлімі жерде өсірілетін осы сұрыптардан  жаңбырлы жылдары гектарына 50-60 центнерден түсім алынуда. Бұрын күздік бидайдың қамырлылығы 24-25 пайыздан аспаса, жеті жылдан бері 27 пайызға жетті. Мұның өзі, жаңа өнім еліміздің солтүстік облыстарында өсірілетін бидайдың қамырлылығымен теңесті деген сөз.

Қазір мұнда «Стекловидная – 24», сондай-ақ институттан әкелінген арпа-бидайдың «Алатау», «Арна», «Айдын», «Береке» және Франциядан әкелінген «Евклид» супер элиталы сұрыптары өсірілуде. Облыста күзде  күздік арпа өсіруді алғаш қолға алған да осы агроқұрылым болатын. Мұның артықшылығы көп. Ол – жаздық арпаға қарағанда ерте піседі және мол өнім береді. Сыпатайлықтар биыл да облыс шаруа қожалықтарына тұқымдық бидай өткерді. Астық өсірушілерге серіктестіктен осындай тұқым алғаны үшін мемлекет субсидия төлейді.

– Біз қазір жоңышқа тұқымын асылдандыру үшін Қазақ егіншілік ғылыми – зерттеу институтымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Енді үш жылдан кейін облыс агроқұрылымдарына жоңышқаның элиталы, жоғары өнімді сұрыптары өткерілетін болады, – дейді Нұрбол Қанатұлы.

Бұрын қант қызылшасына төлем – өткізілген өнім көлеміне қарай жасалатын. Қазір ауданда өндірілген шекер көлеміне қарай есеп айырысу мәселесі көтерілуде. Әлбетте, бұл диқандарға тиімді. Бұл мәселенің де оң шешім табатын кезі алыс емес. Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге ерекше көңіл бөлгені белгілі. Нұрбол келешекте Меркі ауылында наубайхана ашып, онда өсірілген астықтың бір бөлігінен түрлі нан өнімдерін  шығару көзделіп отырғанын айтады.

Серіктестік қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Мұнда «МТЗ – 80» маркалы 12 трактор, шынжыр табанды 3 қуатты трактор және астық жинайтын «Енисей» маркалы үш комбайын бар. Жүк таситын – 5, тиейтін – 1 және қызылша қазып, тиейтін екі техника науқандық жұмыстарды белгіленген мерзімде атқаруға үлкен септігін тигізуде. Механизаторлар науқандық жұмыстарды уақтылы аяқтаған соң аудандағы шаруа қожалықтарына көмектесіп, қосымша қаржы табуды игі дәстүрге айналдырған. Мұның өзі екі жаққа да тиімді екені айтпаса да түсінікті. Жаңбырлы жылдары егіннің әр гектарынан 60-70 центнерден дән жиналғанда қазір қолда бар комбайндар оны бастыру кезінде біраз ысырапқа жол береді. Сондықтан да олар осындай мол өнімді тез әрі ысырапсыз бастыратын шетелдік, әлеуеті зор «Класс» комбайнын сатып алуды көздеп отыр. Сыпатайлықтар осы жылдың өнімі үшін күзде күздік бидай тұқымын  – 1100, күздік арпаны 350 гектар алқапқа сепкен.

Серіктестіктің еншілес кәсіпорны – «Қасапхана» шаруа қожалығында  «Арашан» асыл тұқымды қошқарларын қылшықты жүнді қазақы қойларды будандастыру арқылы алынған  қойлар өсіріледі. Қазір  мұнда мың бас мал бар. Еркек тоқтылар бордақыланып, 40 килограмнан астам салмақ тартқан кезде сойылып, Алматы, Тараз және жергілікті сауда орындарына жөнелтіледі. Ұрғашы тоқтылар өсімге қалдырылады. Олар 5-6 жыл төл бергеннен кейін бордақыланып, осындағы қасапханада сойылып,  өткеріледі. Будан мал етті қазақы қойларға қарағанда едәуір көп береді. Қазір мал сойылатын қасапхана аумағында бұқтырылған етті қалбырлайтын цехтың құрылысы жүргізілуде. Ол – іске қосылған кезде тәулігіне шығарылған 300-500 килограмм бұқтырылған ет тұтынушылардың  сүйікті асына айналады. Қожалықта жыл сайын жемшөптің берік қоры жасалады.

«Жетітөбе» алқабында  шаруашылықтың қолдан жасалған тоғаны бар. Аумағы едәуір жерді алып жатқан су айдынында ақамур, дөңмаңдай, тұқы, мөңке және сазан сияқты балық түрлері өсіріледі. Айдос Маметалиевтің жеке кәсіпорны тоғаннан уылдырық алып, орнына жылына 8 -10 мың шабақ береді. Мұнда жылына 4 тоннаға дейін балық ауланады. Бірқатар балықтардың салмағы 10-20 килограмға дейін тартады. Бұл жұмыспен бес адам шұғылданады. Жеңсік ас Меркі ауылының сауда орындарында өткеріледі.

Агроқұрылымда құрылыс жұмыстары жыл он екі ай толастамайды. Жаңасын салумен қатар ескі нысандарда жаңарту жүргізіледі. Осы салада ұзақ жылдан бері жемісті еңбек етіп жүрген Мұхтар Юлдашев, Дадахан Латипжанов, Асрор Махамаджанов және Жамалхан Әлиевтің есімдері ерекше құрметке лайық. Арман алға жетелейді. Нұрбол келешекте 17 гектар аумақта алма көшеттерін отырғызып, алынған жемісті өңдеп, одан шырын және алмақақ дайындауды қолға алмақшы. Келесі жылы дәндік жүгері және бұршақ өсіруді жоспарлап отыр. «Істің басы – ниет» дейді халқымыз. Сыпатайлықтар Нұрболдың әкесінің жемісті жұмысын лайықты жалғастыратынына нық сенімді.