Облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуда ықпалы мол

0 6

«Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы үшін өткен жыл табысты жыл болды. «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма  төрағасының міндетін атқарушы Қанат Әубәкіровтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 518 жоба қаржыландырылған. Оған бөлінген қаражат 3,7 миллиард теңгені құрады.

– «Ауыл аманаты» жобасы аясында шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қаржыландырылған бизнес-жобалардың саны 110. Соның ішінде ең көп қаржыландырылған бағыттар: техникалық қызмет көрсету станциялары, тігін цехтары, жылыжайлар, жиһаз цехтары, құм блоктары мен кірпіш өндірісі, өзіне-өзі қызмет көрсететін автокөлік жуу орындары, сұлулық салондары, наубайханалар, сүт өңдеу цехтары, балабақша ашу және басқа да жобалар. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде келесі көрсеткіштерге қол жеткізілген. Атап айтсақ, 500-ден астам ауылдық тұрғын жұмысқа орналастырылды, жаңа өндірістік желілерді іске қосуға мүмкіндік беретін және кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін беретін өндірістік тізбек қалыптасуда, ішкі нарық отандық дайын өніммен қамтамасыз етілуде, – дейді ол.

Жалпы биылғы жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 5 миллиард теңге игеру жоспарлануда. Басым бағыттар қатарында бизнес-жобаларды қаржыландыру, кооперативтер құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу үшін жабдықтар сатып алу қарастырылған. «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы өткен жылғы қорытынды бойынша ең үздік көрсеткіштер Байзақ, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында болған. Ең төмен көрсеткіштер, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында болып отыр.

Облыста агроөнеркәсіптік кешен жобаларын іске асыру нәтижесінде сүт өндірісі жылына 12 мың тоннаға артып, сүт өнімдері импортын алмастыруға ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау көлемі 86 мың тоннаға артып, отандық өнімді маусымаралық кезеңде сақтау және сату арқылы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Өңдеу көлемінің 16 мың тоннаға артуы қалдық өнімдер мен артық шикізатты тиімді пайдалануға, жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді. Суармалы жерлердің ауданы 690 гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға оң әсер етеді. Қазіргі таңда өңірде осы бағдарлама аясында 183 тұрақты жұмыс орны құрылған.

«Тараз» индустриялық аймағында 24 жоба іске асырылуда

Қанат Әубәкіровтің айтуынша, бүгінгі таңда «Тараз» индустриялық аймағының аумағында жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба орналастырылған, оның ішінде 2025 жылы 13 жоба тартылды. Аталған жобалар аясында шамамен 1800 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Өткен жылы индустриялық аймақ аумағында 3 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, олар: әк өндіру жобасы және дайын өндірістік алаңдарды салу бойынша екі жоба.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндірістік ғимараттар пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда шағын өнеркәсіптік аймақтар аумағында есік, фиброцементті плиталар және шыңдалған шыны өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеуде. Қоғам инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысады. Атап айтқанда, Бірлескен қызмет туралы шарт жасасу арқылы жобаны тікелей іске асыратын бірлескен кәсіпорын қатысушыларының құрамына кіруі арқылы. Қоғамның қатысуымен әлеуметтік базар, күн электр станциясы және тамшылатып суару жүйелерін өндіру бойынша жобалары іске асырылды, сонымен қатар микроқаржылық ұйымдар мен басқа да нысандар тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Биыл көкөніс сақтау қоймасын салу, экологиялық таза такси қызметін енгізу арқылы таксопарк құру, сондай-ақ автомобильдерге арналған газ толтыру-компрессорлық станцияларын салу жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда. Осылайша, ӘКК бүгінгі таңда өңірді ілгерілетудің жүйелі тетігіне айналып, ұзақ мерзімді инвестициялық күн тәртібін қалыптастыруға және облыстың тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге ықпал етуде. Алда облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер мен ауқымды жобалар тұр.

– Біздің басты міндетіміз – облыстың әлеуетін толық ашу арқылы тұрақты экономикалық орта қалыптастыру. Ашықтық, жауапкершілік және нәтижелілік – қызметіміздің негізгі қағидаттары болып қала береді. Қаржылық көрсеткіштер бойынша корпорация 2025 жылды 134 миллион теңге көлеміндегі пайдамен аяқтаған. Ал қоғамның активтері 31,3 миллиард теңгені құрады. Бұрын Қоғам құрылымында жұмыс істеген «Zhambyl Invest» дирекциясы инвестиция тартудың тиімді әрі дербес құралы ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Міндеттер көлемінің артуын ескере отырып, аталған құрылымды жеке заңды тұлға ретінде бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қадам басқару тиімділігін арттыруға, операциялық икемділікті күшейтуге мүмкіндік берді, – дейді Қанат Әубәкіров.

Бүгінгі күні Zhambyl Invest – облыстың инвесторларға арналған өңірлік фронт-офисі болып табылады. Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, жобаларды келіссөздер кезеңінен бастап өндірісті іске қосуға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. 2025 жылы инвесторлармен және бизнес өкілдерімен 495 кездесу өткізілді, нәтижесінде 26 екіжақты құжат – меморандумдар мен ынтымақтастық туралы ниет хаттамаларына қол қойылды. Zhambyl Invest қолдауымен 8 экспорттық келісімшарт жасалып, өңір кәсіпорындарының өнімін сыртқы нарықтарға шығару қамтамасыз етілді. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар екі инвестициялық келісімге қол қойылды. Олар – жылына 3 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге арналған металлургиялық зауыттың және жылына 3 миллион тоннаға дейін терең өңделген жүгері өнімдерін шығаратын зауыттың құрылыстары. Аталған жобаларды іске асыру өңірді индустрияландыруға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жыл қорытындысы бойынша жалпы құны 3,4 триллион теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылып, сүйемелденеді.

Бұл жобалар металлургия, агроөнеркәсіп кешені, химия, энергетика және басқа да салаларды қамтиды. 2026 жылы құны 700 миллиард теңге құрайтын химиялық кешен құрылысын салу бойынша жаңа инвестициялық келісімге қол қою жоспарлануда. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жоғары технологиялы өндірісті дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салу жобасы пысықталуда. Әлеуетті инвестор тартылды, жоба негізгі параметрлерін талқылау кезеңіндегі бастапқы сатыда қарастырылуда. Аталған жобаны іске асыру өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға, қалдықтарды қайта өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ағымдағы жылы Zhambyl Invest тартқан және сүйемелдеген бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу күтілуде. Бұл – өңірдің инвестициялық портфелін жүйелі түрде қалыптастыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі.

Негізгі жобалардың қатарында – облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуда маңызды рөл атқаратын жүгеріні терең өңдеу зауытының бірінші кезеңін іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ бірінші кезеңде бу-газ электр станциясын пайдалануға беру көзделіп отыр. Өнеркәсіптік секторда ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасын іске қосу күтілуде. Бұдан бөлек, су үнемдеу және аграрлық секторды жаңғырту үшін өзекті болып табылатын тамшылатып суару жүйелерін өндіру жобасы да іске қосылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақты бақылауда

Өткен жылдың соңында тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының жалпы көлемі 4,4 миллиард теңгені құрады, оның ішінде: сиыр еті – 40 тонна, қарақұмық – 102,1 тонна, қырыққабат – 917,1 тонна, картоп – 4 316 тонна, пияз – 1 000 тонна, күнбағыс майы – 574 мың литр, сүт – 226,6 мың литр, сәбіз – 1 168 тонна, 1-сұрыпты ұн – 588 тонна, күріш – 1 010,4 тонна, қант – 5 595,6 тонна, ас тұзы – 2,5 тонна, жұмыртқа – 7 306,3 мың дана.

Өңірлік тұрақтандыру қоры 2025 жылы тұрақтандыру қоры сауда желілеріне интервенция аясында 240,3 миллион теңге сомасына тауар жөнелтті, оның ішінде: картоп – 639 тонна, сәбіз – 18,6 тонна, қырыққабат – 72,1 тонна, жұмыртқа – 425 320 дана, күнбағыс майы – 96 355 литр, күріш – 1,5 тонна, қант – 228,5 тонна, ас тұзы – 0,7 тонна, 1-сұрыпты ұн – 0,5 тонна болды. Биылғы жылдың басынан бері тұрақтандыру қорының тауарлары жәрмеңкеге тұрақты түрде жеткізіліп, қала тұрғындарына төмендетілген бағамен сатылуда. Мысалы, картоп – 54 тонна, сәбіз – 17 тонна, пияз – 33 тонна, қырыққабат – 5 тонна өткерілді.

– Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31 атауға дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері тұрақтандыру қоры шамамен 65 миллион теңге сомасына тауарлық интервенция жүргізді. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қажетті қор көлемін қалыптастыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу көлемінің есептеулері дайындалды. Сонымен қатар 2026 жылдың басынан бастап екі павильон «Құмшағал» және «Мыңбұлақ» шағынаудандарында ашылды, ал алдағы уақытта тағы бір павильон («Шалғай Қарасу» шағынауданында) ашу жоспарлануда. Осылайша, әлеуметтік павильондардың жалпы саны 15 бірлікті құрайды, – дейді Қанат Әубәкіров.

Аталған жобаны іске асыру халыққа әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларын қолжетімді бағамен ұсынуға, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және бағаны тұрақтандыруға ықпал етері анық.

Солтүстіктің тәжірибесі өңірде қолдау тапты

Өткен жылы «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 9,3 миллиард теңге бөлініп, көкөніс қоймаларын салуға – 4 жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге – 4 жоба, қой шаруашылығы фермасын құруға – 1 жоба, балық шаруашылығын ұйымдастыруға – 1 жоба, құс шаруашылығында племелік репродукторларды өсіруге 1 жоба қаржыландырылды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында бір көкөніс қоймасының құрылысы аяқталды. Аталған жобалардың арасында ерекше атап өтетін жобалардың бірі – жылдық қуаттылығы 10 миллион жұмыртқа шығаратын заманауи құс шаруашылығы племелік репродукторларын өсіру кешені жобасы. Бұл жоба саладағы генетикалық потенциалды нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты жоғары сапалы отандық инкубациялық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылдың 30 желтоқсанына жоспарланған. Сондай-ақ тағы бір айрықша жоба – 10 мың бас малға арналған заманауи қой фермасын құру жобасы. Бұл жоба мал шаруашылығы саласын дамытуға, сапалы ет пен жүн өндіруді арттыруға, сондай-ақ ішкі нарықты жоғары сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2026 жылғы 30 желтоқсан. Биылғы жылға аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөлінуі жоспарлануда. Бүгінгі күнге осы қаражатты игеру үшін қажетті өтінімдер жинағы қалыптастырылды. Өткен жылғы қаражат есебінен «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламасы аясында 8 жоба іске қосылып, оның ішінде: көкөніс қоймаларын салу бойынша – 4 жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша – 2 жоба, тамшылатып суару жүйесін енгізу бойынша – 1 жоба, сүт фермаларын салу бойынша 1 жоба бүгінгі күні тұрақты түрде жұмыс атқаруда, – дейді «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма  төрағасының міндетін атқарушы Қанат Әубәкіров.

Қорыта айтқанда, «Тараз» ӘКК» АҚ бүгінгі таңда өңірді ілгерілетудің жүйелі тетігіне айналып, ұзақ мерзімді инвестициялық күн тәртібін қалыптастыруға және облыстың тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге ықпал етуде. Алда облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа міндеттер мен ауқымды жобалар тұр.