Ауданның ажарын ашқан жобалар

0 7

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Мойынқұм ауданында көп жұмыс іске асырылды. Мәселен, 2021-2025 жылдар аралығында ауданда бірқатар денсаулық, мәдениет, спорт нысандары бой көтерді. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізілді. Ал осы жоба аясында елді мекендердегі автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізіліп, көлік қозғалысы жақсара түсті.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Мойынқұм ауылдық округіне 645,5 миллион теңге бөлініп, аудан орталығындағы Б.Момышұлы атындағы орталық стадион заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртылып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов тірек мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ ауыл ішіндегі 9 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өтті.

Жоба аясында Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылында жобалық құны 937,5 миллион теңгені құрайтын бірнеше нысан бой көтерген болатын. Бүгінгі күні мұндағы заманауи спорттық-сауықтыру кешені мен 90 орындық клуб пен кітапхана ғимараты ел игілігі үшін қызмет етуде. Сондай-ақ округте №2 орта мектебінің ғимараты күрделі, ал ауыл ішіндегі 7 көшенің жолдары орта жөндеуден өткізілді.

Келесі Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік ауылына жобалық құны 847 миллион теңге тұратын заманауи спорттық-сауықтыру кешені ғимараты бой көтерсе, Қ.Рысқұлбеков орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Бірлік ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізіліп, ауыл ішіндегі 10 көшенің автомобиль жолдарына орта жөндеуден өтті. Ал Биназар ауылдық округі Биназар ауылына 295 миллион теңге қаралып, стандартқа сай келетін Биназар ауылдық фельдшерлік-акушерлік тірек ғимараты салынды. Сонымен қатар ауылдық мәдени клубы күрделі жөндеуден өткізіліп, 6 көшенің автомобиль жолы қалыпқа келтірілді.

Жамбыл ауылдық округіне де атқарылған жұмыстар аз емес. Мәселен, мұнда ауылдық мәдени клубы күрделі жөндеуден өткізілсе, Шығанақ ауылдық округіне заманауи спорттық-сауықтыру кешені бой көтерді. Төрт көшенің жолы жөнделді. Мыңарал ауылдық округіндегі Мыңарал ауылына ауылдық мәдени клубы күрделі жөндеуден өткізіліп, төрт көшенің жолы ретке келтірілді.

Жоғарыда айтылғандай «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданда бірқатар нысандар бой көтеріп, қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы уақытта да осындай жобалар аясында құрылыс жұмыстары жалғасатын болады.