Ең басты құрал – сақтық
Ақкөл ауылдық №13 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы осы ауылдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте жоспарға сәйкес өрт-тактикалық сабағын өткізді. Сабақтың негізгі мақсаты – оқушыларға төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәртібін үйрету және өрт қауіпсіздігі ережелерін пысықтау болды.
Сабақ барысында өрт сөндіру қызметкерлері шартты өрт ошағын тез әрі тиімді сөндіру бойынша тәжірибелік жаттығулар көрсетті. Сонымен қатар құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, оқушыларды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау жолдары пысықталды. Бұл жаттығулар балаларға төтенше жағдайда қорқынышсыз, дұрыс әрекет етуді үйретуге бағытталды.
Өрт сөндірушілер мұғалімдермен де жұмыс жасап, оларға оқу процесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша маңызды кеңестер берді. Арнайы көрсетілімдер барысында мектеп персоналы мен оқушыларға электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, қауіпті заттарды қауіпсіз сақтау, сондай-ақ өрттің алдын алу шаралары туралы түсінік берілді.
№13 өрт сөндіру бекетінің бастығы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, осындай сабақтар тек қауіпсіздік техникасын меңгеруге ғана емес, сонымен қатар оқушылардың төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. «Балаларға жас кезінен бастап қауіпсіздіктің маңызын түсіндіру керек. Өйткені олардың өмірін сақтайтын ең басты құрал – сақтық», – деді ол.
Мектеп оқушылары да сабақтан алған әсерлерімен бөлісті. Олар эвакуация тәртібі мен өрт сөндіру әрекеттерін өз көздерімен көріп, тәжірибе жасау арқылы қауіпсіздік ережелерін есте сақтаудың тиімді екенін атап өтті. «Біз енді өрт болған жағдайда не істеу керегін нақты білеміз», – деді №8 сынып оқушыларының бірі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті осындай практикалық сабақтарды мектептерде жүйелі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Бұл бастама арқылы әрбір оқушы өз өмірін және қоршаған ортаны қорғау жолдарын үйреніп, төтенше жағдайларда қорқынышсыз әрекет етуге дайын болады.