Азық-түлік қала тұрғындарына тиімді бағада ұсынылды

0 6

Өткен демалыс күндері Тараз қаласында дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда жергілікті тауар өндірушілер мен шаруалар өнімдерін көпшілікке сапалы әрі қолжетімді бағада ұсынды. Жәрмеңке Жастар аллеясы аумағында, Сүлейменов – Желтоқсан көшелерінің қиылысында ұйымдастырылды.

Тараз қаласы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровтың айтуынша, бұл іс-шараға Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері шығарылған. Аудандардан арнайы келіп қатысқан шаруа қожалықтары да бар. Апта сайын ұйымдастырылып отырған мұндай жәрмеңкеде қала тұрғындарының нарық бағамынан төмен бағада ауылшаруашылығы өнімін сатып алуға мүмкіндіктері бар. Бір атап өтерлігі, жәрмеңкеге қала маңайдағы елді мекеннен келіп картоп, сәбіз, пияз бен жеміс-жидектерді саудалап, төмен бағада өткеріп жатқан шаруа қожалық өкілдері де бар, – дейді ол.

Жалпы жәрмеңкеде жалпы құны 16,8 миллион теңгені құрайтын 19,4 тонна ауылшаруашылығы тауарлары сатылымға шығарылды. Оның ішінде ет, сүт, қант, жұмыртқа, кондитер, бал, балық, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері нарық құнынан 10-15 пайызға төмен бағада саудалануда. Жоғарыда аталған ауылшаруашылығы өнімдерінен бөлек, бұл жәрмеңкеге құс фабрикаларынан 1 мың дана жұмыртқа жеткізілген болатын. Сонымен қатар, 0,3 тонна кондитерлік, 0,5 тонна макарон өнімдері, 0,2 тонна тұз, 0,5 тонна қант, 0,2 тонна қарақұмық, 0,5 тонна балық, 2 тонна ұн, 0,3 тонна бал бар.

Сонымен қала тұрғындары ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және өзге де азық-түліктерді қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды. Жалпы 14,3 тонна азық-түлік сатылды. Оның ішінде 2 тонна ет, 0,6 тонна шұжық, 0,5 тонна сүт өнімдері, 1 мың дана жұмыртқа, 0,3 тонна кондитерлік өнімдер және өзге де қажетті азық-түлік пен жеміс жидек бар.

«Мұндай жәрмеңке біз секілді шаһар тұрғындары үшін тиімді. Мәселен, мен 10 дана жұмыртқаны 500 теңгеге алсам, қант 365 теңгеге айналды. Салыстырмалы түрде алсақ, дүкендердегі бағадан айтарлықтай төмен бағада сатылып жатыр. Сондықтан осындай жәрмеңке жиі өткізілсе деген тілек бар», – дейді қала тұрғыны Бақытжан Мұратұлы.