Солтүстіктің тәжірибесі оң нәтиже көрсетті

0 7

 «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыруда «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату» бағдарламасын қолға алды. Акционерлік қоғам өкілдерінің айтуынша, өткен жылы аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 9,3 миллиард теңге бөлініп, көкөніс қоймаларын салуға – 4, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге – 4, қой шаруашылығы фермасын құруға – 1, балық шаруашылығын ұйымдастыруға – 1, құс шаруашылығында асыл тұқымды құстарды өсіруге – 1 жоба қаржыландырылды. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында бір көкөніс қоймасының құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда өңірде осы бағдарлама аясында 183 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Жүзеге асырылған жобалардың арасында жылдық қуаттылығы 10 миллион жұмыртқа шығаратын заманауи құс шаруашылығында асыл тұқымды құстарды өсіру кешені жобасын айрықша айтуға болады. Бұл жоба осы саладағы генетикалық потенциалды нығайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты жоғары сапалы отандық инкубациялық материалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылдың 30 желтоқсанына жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 10 мың орынға арналған заманауи қой фермасын құру жобасының да жұмысы қарқынды жүргізуде. Бұл жоба мал шаруашылығы саласын дамытуға, сапалы ет пен жүн өндіруді арттыруға, осы арқылы ішкі нарықты жоғары сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жобаның іске асырылу мерзімі де жыл соңына белгіленген. Биылғы жылға аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөліну жоспарлануда. Бүгінде осы қаражатты игеру үшін қажетті өтінімдер жинағы қалыптастырылды.

Облысымызда агроөнеркәсіптік кешен жобаларын іске асыру нәтижесінде сүт өндірісі жылына 12 мың тоннаға артып, сүт өнімдері импортын алмастыруға ықпал етпек, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау көлемі 86 мың тоннаға артып, отандық өнімді маусымаралық кезеңде сақтау және сату арқылы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар өңдеу көлемінің 16 мың тоннаға артуы қалдық өнімдер мен артық шикізатты тиімді пайдалануға, жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді. Суармалы жерлердің ауданы 690 гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға оң әсер етеді.