Бейбіт күннің батырлары студенттермен жүздесті

0 6

Тараз мамандандырылған колледжінде студенттер мен азаматтық қорғау ардагерлерінің кездесу кеші өтті. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге арналған іс-шараға Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау зейнеткерлері – азаматтық қорғау полковнигі Талас Назаров пен азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Сұрабалдиев арнайы шақырылды.

Кездесу барысында ардагерлер жастарға өздерінің естелік әңгімелерін айтып, өрт сөндіру, адамдар мен құнды мүліктерді құтқару жолындағы ерлік істерімен бөлісті. Полковник Талас Назаров жас буынға «Қауіп күтпеген жерден келеді, бірақ дайындық пен батылдық әрдайым өмір сақтайды» деп, азаматтық қорғау саласының маңыздылығын жеткізді. Аға прапорщик Бекмұрат Сұрабалдиев өз тәжірибесін ортаға салып, студенттерге кәсіби дағдылар мен қиын жағдайда шешім қабылдаудың мәнін түсіндірді.

Колледж студенттері ардагерлердің әңгімелеріне қызығушылықпен құлақ түріп, сұрақтар қойып, өздерінің бейбіт өмірдің қадірін түсінетінін көрсетті. Кездесу соңында жастар болашақта осындай батылдық пен жауапкершілікке толы мамандықты таңдауға дайын екендіктерін білдірді.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, азаматтық қорғау қызметінің маңыздылығын насихаттау және оларға кәсіби бағыт беру. Мұндай кездесулер арқылы студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, өмірлік тәжірибемен де танысып, болашақта қоғамға қажетті әрі жауапты маман болуға ынталанады.

Жастар мен ардагерлердің бұл кездесуі – бейбіт күннің қадірін білуге, батылдық пен азаматтық жауапкершілікті бойға сіңіруге арналған маңызды сабақ болды.