Медициналық орталықта өртке қарсы оқу-жаттығу өтті

0 5

Тараз қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда шаһардағы №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері “Januia” медициналық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырды. Іс-шараға орталықтың медицина қызметкерлері мен техникалық персоналы да белсенді қатысты.

Негізгі мақсаты төтенше жағдай туындаған сәтте өрт сөндірушілер мен мекеме қызметкерлерінің үйлесімді әрекетін қалыптастыру, сондай-ақ адамдарды қауіпсіз жерге жедел эвакуациялау тәсілдерін тәжірибе жүзінде пысықтау болып табылатын жаттығу барысында шартты түрде орын алған өрт ошағын сөндіру іс-қимылдары көрсетіліп, ғимарат ішіндегі азаматтарды қауіпсіз аймаққа көшіру шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде әр қызметкердің атқаратын міндеттері нақтыланып, алғашқы минуттардағы жедел әрекеттің маңыздылығы түсіндірілді.

Іс-шара аясында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәсілдері таныстырылды. Мамандар өрттің алдын алу мәдениетін қалыптастыру – адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті.

Мұндай тәжірибелік сабақтар төтенше жағдай кезінде туындауы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алып қана қоймай, сала мамандары мен мекеме ұжымының өзара іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік береді.