Жазғы демалыс алдындағы маңызды сабақ
Облыс орталығындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған қауіпсіздік сабағы ұйымдастырылып, шомылу маусымындағы сақтық шаралары кеңінен түсіндірілді. Танымдық іс-шараны Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өткізді.
Кездесу барысында құтқарушылар мен медицина қызметкерлері балаларға су айдындарында орын алатын қауіптердің алдын алу жолдарын жан-жақты баяндады. Әсіресе жаз мезгілінде өзен-көлдер мен су қоймаларына барғанда қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ерекше айтылды. Мамандар рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың адам өміріне үлкен қатер төндіретінін ескертіп, әрбір оқушыға сақтық мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Сабақ кезінде төтенше жағдай туындаған сәтте әрекет ету алгоритмі таныстырылып, балаларға қарапайым әрі маңызды ережелер көрсетілді. Оқушыларға суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде ең алдымен ересектер мен арнайы қызмет мамандарын шақыру қажеттігі айтылды.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімі де оқушылардың қызығушылығын арттырды. Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасау әдістерін тәжірибе жүзінде түсіндірді. Сонымен қатар зардап шеккен адамға жедел көмек көрсету кезінде уақытты жоғалтпау керектігі айтылды.
Кездесу соңында мектеп оқушылары мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жазғы демалыс кезінде қауіпсіздікті сақтау бойынша пайдалы мәліметтер алды. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың өмір қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға сеп болары анық.