«Jeti Bulaq» жобасы өңір өндірісіне серпін беруде
Тараз қаласындағы индустриялық аймақ бүгінде өңір экономикасының қозғаушы күшіне айналып келеді. Өндіріс орындарын шоғырландыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағытында мұнда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Әсіресе, өндірістік әлеуетті арттыруға негізделген жобалардың қатарында «Jeti Bulaq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасы ерекше назар аудартады. Аталған жоба «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қаржылай қолдауымен іске асырылып отыр. Индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорын 2023 жылдан бері битум эмульциясын өндірумен тұрақты түрде айналысып келеді. Бұл өнім жол құрылысы саласында кеңінен қолданылатындықтан, өңірдегі инфрақұрылымдық жұмыстар үшін маңызы зор.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, зауыт шығаратын өнімге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Өндіріс орнының жылдық қуаты 9600 шаршы метрден астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінде мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Аз ғана ұжым болғанымен, атқарылып жатқан жұмыс көлемі ауқымды.
Жалпы, индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға елеулі ықпал етуде. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындардың ашылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге де оң әсерін тигізіп отыр.
Қазіргі таңда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан қолдау көріп отырған жобалардың саны артып келеді. Бұл өз кезегінде мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді байланыстың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Өндіріс саласына серпін берген мұндай бастамалар алдағы уақытта да өңір экономикасының дамуына тың мүмкіндік ашпақ.