Құланда құтқарушылар жарылыстың алдын алды

0 11

Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында орналасқан өндірістік нысандардың бірінде өрт шығып, оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері жедел жұмылдырылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт тоңазытқыш жабдықтарын дайындайтын цех аумағында тұтанып, қысқа уақыт ішінде ғимараттың ішкі бөлігі мен шатырын шарпыған. Қалың түтін мен жоғары температура өрт сөндірушілердің жұмысын күрделендіргенімен, мамандар тілсіз жауды дер кезінде оқшаулауға мүмкіндік алды.

Оқиға барысында ең басты қауіптің бірі цех ішінде сақталған оттегі мен газ баллондары болған. Құтқарушылардың кәсіби әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде жанып жатқан аумақтан 11 оттегі және 1 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Мамандардың жедел қимылы ықтимал жарылыстың және өрттің маңайдағы нысандарға таралуының алдын алды.

Өрт сөндіру жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерімен қатар жергілікті атқарушы органдар мен өзара іс-қимыл қызметтерінің мамандары тартылды. Күш құрылымдарының үйлесімді жұмысының арқасында өрт толықтай сөндіріліп, жағдай бақылауға алынды.

Абырой болғанда, оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып, тиісті тексеру амалдары жүргізілуде.