Тұрғын үйді басқару – ортақ жауапкершілік

0 5

Тараз қаласында алғаш рет «AMANAT» партиясының «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум ұйымдастырылды. Басқосуда көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындармен кері байланысты күшейту, сондай-ақ мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.

Форумға «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, коммуналдық сала мамандары, өңірдегі МИБ пен ПИК жетекшілері қатысты.

Жиында сөз алған Шолпан Каринова «TURǴYNDAR AMANATY» жобасының негізгі мақсаты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, тұрғындар мен депутаттар арасындағы байланысты нығайту, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысты жандандыру, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін тиімді пайдалану көзделген.

Партия хатшысы бүгінгі күні тұрғындарды алаңдататын тариф, жарықтандыру, лифт, интернет сапасы мен қауіпсіздік мәселелері әрдайым назарда екенін айтты. Сонымен қатар, еліміздің бірқатар өңірлерінде өткен осындай форумдардың өз нәтижесін бергенін жеткізді. Мәселен, Астана қаласында ашылған арнайы фронт-офиске бірнеше ай ішінде жүзден астам өтініш түсіп, ондаған азаматқа нақты құқықтық және консультативтік көмек көрсетілген.

Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселесі халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне тікелей әсер ететінін айтты. Аймақ басшысы бұл салада ашықтық пен жауапкершілікті күшейту басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

– Бүгінде облыс аумағында 2 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның басым бөлігі кондоминиум нысаны ретінде тіркелген. Жыл соңына дейін қалған тұрғын үйлерді толық тіркеу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады, – деді өңір басшысы.

Форум барысында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңнамалық бастамалар жайына тоқталды. Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелер Парламент қабырғасында тұрақты түрде қаралып келеді. Ал ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев көпқабатты үйлерді басқару саласындағы негізгі түйткілдерге тоқталып, оларды шешу бағытында министрлік пен «AMANAT» партиясы бірлескен жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыс орталығындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Форумда пәтер иелері кооперативі қауымдастығы төрағасының орынбасары Елена Цой мен «Ел аман-2023» басқарушы компаниясының директоры Мирасхан Дауылбаев сөз сөйлеп, «TURǴYNDAR AMANATY» жобасының тұрғындардың мүддесін қорғаудағы маңызын атап өтті. Олар тұрғын үйді басқару ісінде қоғамдық бақылауды күшейтіп, халықпен ашық әрі тиімді жұмыс жүргізудің қажеттігін айтты.

Форум соңында қатысушыларға арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинар барысында тұрғын үйді басқару саласындағы жаңа тәсілдер түсіндіріліп, практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды.