Шаһар инфрақұрылымы қарқынды жаңғыртылуда
Тараз қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Биыл шаһардың бірқатар аумағында жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары кең көлемде қолға алынған. Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе, тұрғын алқаптардағы жол сапасын жақсарту мен қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріліп отыр.
Атап айтқанда Әулиеата ауданында биыл 48 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар Бектөбе және Қызылшарық тұрғын алқаптарында, Ұлы дала шағынауданының аулаларында және Шерхан Жандарбеков көшесінің бойында жаңа жаяу жүргіншілер жолдары салынады. Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ ауданда Көшеней, Сенкібай, Сыпатай батыр көшелері мен Көшеней көшесінің 6-бұрылысында, Сухамбаев көшесінде және №23 мектеп маңында тротуарлар төсеу көзделген. Бұдан бөлек, жол белгілерін орнату, жаңа автобус аялдамаларын қою және кей көшелердегі су құбырларын жаңарту жұмыстары да жоспарға енгізілген.
Ал Жібек жолы ауданында спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, биыл 14 спорт алаңшасын жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар жаңа аялдамалар орнатылып, жалпы ұзындығы 23 шақырымға жуықтайтын 35 көшеге көше жарығы тартылады.
Қала билігінің мәлімдеуінше, жарықтандыру жұмыстары алдымен шалғай орналасқан тұрғын алқаптарда жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде кешкі уақыттағы қауіпсіздікті арттырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етпек.
Жалпы, Тараз қаласында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жобалар шаһардың келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда.