Ерлікке тағзым – ұрпақ парызы

0 5

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері майдан даласында ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым етіп, ел тыныштығы жолында жанын қиған әріптестерін еске алды. Тағылымды іс-шара барысында құтқарушылар ардагерлердің ерлігіне құрмет білдіріп, олардың есімін ұлықтау кейінгі буынның азаматтық парызы екенін атап өтті.

Іс-шара аясында департамент қызметкерлері қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған әріптестерінің отбасыларына арнайы барып, жылы лебіздері мен қолдау сөздерін жеткізді. Құтқарушылар отбасы мүшелеріне мерекелік көңіл күй сыйлап, тәттілер мен түрлі сый-сияпаттар табыстады.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер – тек мерекелік іс-шара ғана емес, ерлік иелерінің есімін ұмытпай, олардың отбасыларына моральдық қолдау көрсетудің маңызды көрінісі. Себебі, халық қауіпсіздігі жолында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін мамандық.

Осындай тағылымды бастамалар жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, ел үшін жанын берген азаматтардың ерлігін ұлықтауға үндейді. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ал батырларға деген құрмет – ел жадында мәңгі сақталады.