Байзақтықтар 100 пайыз таза ауызсумен қамтылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 2025 жылы халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасына сәйкес Байзақ ауданында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде таза ауызсу мен газдандыру жұмысы өз мәресіне жетіп отыр.
Жалпы өткен жылы облыс бойынша 13,9 миллиард теңгеге 24 ауылдық елді мекенде және 9 тұрғын алқапта таза ауызсу нысандарының құрылысын жүргізу қолға алынған болатын. Нәтижесінде 19 елді мекенде және 5 тұрғын алқапта нысандар пайдалануға берілсе, екі ауылда жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Ал бүгінгі күні 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқапта нысандарды қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізіліп жатыр. Оның ішінде былтыр Байзақ ауданында жаңадан 3 ауызсу имаратын салуға және құбырлар тартуға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылыпты.
Бүгінде Байзақ ауданына қарасты 40 ауылдық елді мекен 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылып отыр. Соңғы болып таза ауызсу құбырына қосылған Сазтерек ауылдық округіне қарасты Жаңасаз елді мекені. Мұнда таза ауызсу жүйесіне 150-ден астам отбасы қосылған. Онда құрылыс жұмыстарын «GrandStroyCom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылдың ақпан айында бастап, жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берген. Жоба құны шамамен 487,8 миллион теңгені құраған.
Аудан әкімі Олжас Баққараевтың айтуынша бүгінде аудандағы барлық елді мекен таза ауызсумен қамтылған.
– Ауданда 17 ауылдық округке қарасты 40 елді мекен болса, оның ішінде таза ауызсумен қамтылмаған Жаңасаз ауылы ғана еді. Жаңа жыл басында пайдалануға берілген осы нысан арқылы қазір аудандағы елді мекендердің барлығы толықтай таза ауызсумен қамтылды. Осылайша біз Президент тапсырмасын 100 пайыз орындап отырмыз. Әрдайым әкімдік тұрғындардың талап-тілегін орындауға, ауылдарды дамытуға барынша күш салып келеді. Бұған дейін ауылдық елді мекендер 100 пайыз газбен қамтамасыз етілсе, енді міне ауызсуға қатысты меже де толық орындалды. Осындай игі істер арқылы біз ауылдық елді мекендерді өркендете аламыз және бұл халықтың ауылдық жерден қалаға көшу үдерісін де тоқтата алады. Сондықтан да алдағы уақытта ауылдықтардың тұрмыс жағдайының түзелуіне, әл-ауқатын көтеруге барынша жағдай жасала береді. Қазір түрлі салалар бойынша бірқатар нысандар аудан көлемінде ел игілігіне ұсынылып жатыр. Әсіресе шалғайда жатқан елді мекендердің дамуына басымдық берілуде. Оның ішінде межелі жоспар аясында заманға сай балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын, футбол алаңшаларын салу жұмысы да бар. Бұл жұмыстарға қаржы аудандық бюджеттен қарастырылатын болады, – дейді Олжас Елебекұлы.
Қазіргі таңда ауыл іргесінде салынған жаңа су нысаны арқылы үш адам тұрақты жұмыспен қамтылса, оларға айына 112 мың теңге еңбекақы төленетін көрінеді. Бастысы осындай жобалардың арқасында жаңасаздықтар толықтай инфрақұрылымға қол жеткізіп отыр.
– Ауызсу біздің ауыл үшін ең өзекті қажеттіліктің бірі еді. Бұған дейін құдықтан су ішіп, күнелттік. Осы жағдайға назар аударған Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Жұмахан Жәдіков.
Бүгінгі күні облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамту көрсеткіші қалаларда 99,8 пайызды, ауылдық елді мекендерде 99,6 пайызды құрап отыр.