Комиссия отырысында қауіпсіздік жұмыстары қаралды

0 13

Аудан әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында ауқымды үш мәселе қаралды.  Жиында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейірбек Дүйсембаев баяндама жасады.

 Әуелі өртті жою жұмыстары туралы баяндаған жауапты бөлім басшысы барлық ауылдық округтерде өртке қарсы жасақтар құрылғанын, жалпы жасақта 117 адам қамтылғанын айтып өтті. Сонымен қатар жиында Мойынқұм, Ұланбел, Бурылбайтал, Көктерек орман шаруашылығы мекемелерінің басшылары да өз жұмыстары жайлы қысқаша есеп берді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – су тасқынының алдын алу туралы да аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейірбек Серікбайұлы баяндап өтті. Дегенмен, оның баяндамасында нақты атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер аздау болды. Аудан әкімінің қойған сұрағына да нақты жауап бере алмады.

Жиында баланың биіктен құлауының алдын алу мәселесі  де қамтылды. Төтенше жағдайға жауапты басшының айтуынша, бұл бағытта да ата-аналарға түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр екен. Аудан әкімінің орынбасарлары Әлібек Нұрадинов, Қуандық Төлеубеков, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы, Хантау ауылдық округінің әкімі Әнуар Сейітқазиев, Биназар ауылдық округінің әкімі Қамбар Атаев ұсыныс айтып, өз ойларын ортаға салды.

 Жиынды аудан әкімі Ермек Карентаев қорытындылап, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мейірбек Дүйсембаевтың есебіне мүлдем көңілі толмағанын айтып, келесі комиссия отырысына жоғары дайындықпен келуді тапсырды. Сонымен қатар, дала өртінің алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізу, су тасқынына қатысты жұмыстарға сергек қарауды жауаптыларға қатаң тапсырды.