Антарктика суларында полярлық акула болуы мүмкін
Ғалымдар Антарктика маңындағы мұзды теңіздерден алғаш рет акуланы бейнекамера арқылы тіркеді. Бұған дейін бұл аймақта акулалар кездеспейді деген болжам кең тараған еді. Алайда, теңіз түбіне орнатылған камералар шамамен 500 метр тереңдікте баяу қозғалған ірі жыртқышты түсіріп алған.
Зерттеу жұмыстары Оңтүстік Шетланд аралдарына жақын аймақта жүргізілген. Экспедиция барысында ғалымдар Оңтүстік мұхиттағы биоалуантүрлілікті зерттеу мақсатында теңіз түбіне арнайы камералар мен жем орнатқан. Құрылғылар бірнеше жүз сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, тереңдегі тіршілікті бақылауға мүмкіндік берген.
Жиналған бейнематериалдарды талдау кезінде зерттеушілер ұзындығы шамамен 3–4 метр болатын акуланы байқайды. Мамандар оның сыртқы келбеті мен қозғалысына қарап, бұл жыртқыштың Somniosidae тұқымдасына жататын полярлық акула болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Мұндай акулалар суық әрі терең суларда өмір сүріп, баяу қозғалады және ұзақ өмір сүретіндігімен ерекшеленеді.
Бұған дейін Оңтүстік мұхитта акулалардың бар екені көбіне балық аулау торларына кездейсоқ түсуі арқылы ғана белгілі болған. Ал бұл жолы полярлық акула алғаш рет табиғи ортада бейнекамераға түсіп отыр.
Антарктика аймағындағы көптеген балық түрлері суық климатқа бейімделген. Мысалы, олардың қан құрамында судың қатуын болдырмайтын ерекше «антифриз» ақуыздары болады. Камераға түскен акула шамамен 490 метр тереңдікте, температурасы 1–2 °C шамасындағы суда жүрген.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл жыртқыштың мұнда кездейсоқ келуі екіталай. Керісінше, мұндай акулалар Антарктика маңында бұрыннан өмір сүріп келген болуы мүмкін, тек оларды анықтау қиын болған. Себебі, Оңтүстік мұхит – ғалымдар үшін ең аз зерттелген аймақтардың бірі.
Сонымен қатар ғалымдар сомниоздар тұқымдасына жататын акулалардың саны аз болуы мүмкін екенін айтады. Себебі 400 сағаттан астам жүргізілген суасты түсірілімінде тек бір ғана акула тіркелген.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, климаттың жылынуы және мұхит температурасының өзгеруі теңіз жануарларының таралу аймағына әсер етуі ықтимал. Алайда Антарктика маңындағы ірі жыртқыштардың қозғалысы туралы нақты деректер әзірге жеткіліксіз.
Дегенмен бұл жаңалық Антарктика мен Оңтүстік мұхит әлі де толық зерттелмегенін көрсетеді. Мұз астындағы әлем ғылым үшін әлі талай жаңалық әкелуі мүмкін.