Жүйелі жұмыс, нақты нәтиже
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Әулиеата өңірінде де сапалы ауызсумен толық қамту жөніндегі маңызды міндеттер толығымен жүзеге асуда. Оған дәлел Тұрар Рысқұлов ауданының бірнеше ауылды мекенінде жаңа су нысандары іске қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылды.
Соның бірі Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Р.Сәбденов ауылындағы ұзақ жылдар бойы қордаланған ауызсу мәселесі шешімін тапты. Құны шамамен 1 миллиард теңгені құраған жобаны мемлекет қаржыландырып, құрылыс жұмыстарын «Таразстрой – 2004» ЖШС атқарды. Сол сияқты Шөңгер ауылында «Темір Строй Сервис» ЖШС жүргізген су жүйесі құрылысының нәтижесінде 230-дан астам ауыл тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Тағы бір жағымды жаңалық, Құлан ауылында жаңа су имараты пайдалануға берілді. Арай тұрғын алқабы маңынан салынған бұл нысанның құны 559,5 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «Sat Construction» ЖШС жүзеге асырды. Бұған дейін Сөгеті және Мамай ауылдары да орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған болатын. Нәтижесінде аудан бойынша халықты таза сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Соңғы жылдары мұнда газ тарту, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені мен ауызсу жүйесін салу жұмыстары жүзеге асқан. Қазіргі таңда мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, оны биыл аяқтау жоспарланған. Көшелер асфальтталып, жарықтандыру жүйелері орнатылған.
Тұрар Рысқұлов ауданында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Сарым» шаруа қожалығы тау бөктерінде демалыс аймағын салу жобасын қолға алған. Сонымен қатар ауылдардағы мектептер күрделі жөндеуден өтіп, көшелерге асфальт төселіп, жарықшамдар орнатылған, балабақшалар жұмыс істеп тұр. Бүгінде аудан бойынша көшелерді жарықтандыру деңгейі 89 пайызға, газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жетті. Ал таза ауызсумен қамту мәселесі толық шешімін тапты.
Жалпы, жүзеге асқан инфрақұрылымдық жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін айқындайды.