Референдум 15 марта

Жамбыл жырлары – ұрпаққа аманат

0 4

Жыр алыбы, XX ғасырдағы айтыс өнерінің біртума тұлғасы Жамбыл Жабаев – ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған алып жыршы, қазақ поэзиясына өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Оның асқақ жырлары дәуір үнімен үндесіп, бүгінгі күнге дейін жаңғырып келеді. Айтыс өнерінің ақтаңгері атанған ақынның шығармашылығы ХХ ғасырдағы халық ақындарына зор ықпал етті. Жыр алыбының үздік туындылары 40-тан астам тілге аударылып, әлем оқырмандарына жол тартты. Бүгінде оның есімі еліміздің бір облысына, бірнеше аудандарға, елді мекендерге, оқу орындары мен мәдениет ошақтарына берілген.

Айтулы мерейтойға орай Мойынқұм аудандық музейінде Жамбыл мектеп-гимназиясымен бірлескен «Жамбылдың жыр керуені» атты ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Тағылымды кешті жүргізген Айғаным Төлеген мен Айзере Дінисламқызы ақынның өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, мазмұнды мағлұмат берді.

Іс-шараға Жамбыл мектеп-гимназиясының ұстаздары Бейбіт Молдабаева пен Айжан  Наурозова және 7-сынып оқушылары қатысты. Оқушылар жыр алыбының бірқатар өлеңдерін жатқа оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Атап айтқанда, Азамат Жаңабек «Халық менің – шын атым», Азиза Болатхан «Балалар аманбысың, шырақтарым», Заңғар Шакизат «Шындық туралы», Маржан Еркебұланқызы «Жасымнан атым аян Жамбыл едім» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар Іңкәр Берікқызы, Меруерт Мұхамед, Сержан Қыдырбай, Гаухар Рымқұл да ақын шығармаларын жатқа айтып, кештің мазмұнын байыта түсті.

Кеш барысында музей экскурсоводы Әсел Таңсықбаева қатысушыларға музей бөлімдері бойынша экскурсия жүргізіп, тарихи жәдігерлердің тағылымды тарихымен таныстырды.

Ашық тәрбие сағаты – оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, жыр алыбы Жамбылдың шығармашылығын тереңірек таныту, жас ұрпақтың туған елге, ана тілге деген сүйіспеншілігін нығайтуды көздеді. Тағылымы мол іс-шара жас буынның рухани дүниесін байытып, ұлттық құн­дылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды басқосу болды.