Референдум 15 марта

Таразда «Болашақ прокурорлар» клубы ашылды

0 2

Жуырда Тараз қаласындағы №66 орта мектепте Бауыржан Момышұлы атындағы «Болашақ прокурорлар» клубының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күреңкей, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтыбаева, сондай-ақ мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Жобаның мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру, сондай-ақ прокурор мамандығына қатысты қажетті мәліметтермен танысу мүмкіндігін беру.

Салтанатты рәсім барысында клуб мүшелері заңға адал болуға, әділдікті ту етуге, ел мүддесіне қызмет етуге арналған салтанатты ант қабылдады. Мұнан кейін қонақтар клуб мүшелеріне арнайы төсбелгілер табыстады.

Іс-шара барысында болашақ тағдырын прокуратура органдарымен байланыстыруды мақсат еткен оқушыларға сапалы білім алудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында білімін жалғастырудың кәсіби дамуға жол ашатыны, білікті маман болып қалыптасудың негізгі баспалдағы екені ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, атаулы орта мектеп пен қалалық прокуратура арасында өзара ынтымақтастық орнатылып, оқушылардың құқықтық білімін жүйелі түрде дамытуға негіз қаланды. Клуб жұмысы сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылып, оған мектеп ұжымы, прокуратура қызметкерлері және өзге де мүдделі тараптардың өкілдері қатысады.