Зорлық-зомбылықсыз жанұя
Тараз қаласында өткен «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форумда облыс әкімдігінің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайту мәселелерін кеңінен талқылады.
Жиынды ашқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев отбасы институтын нығайту өңірлік саясаттың өзекті бағыттарының бірі екенін атап өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, профилактикалық шаралардың нәтижелілігіне назар аударды.
Форум барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құттықтау хаты оқылды. Онда отбасы саясаты мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екені, қоғам болып бірлесе әрекет етудің маңыздылығы айтылған.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте қабылданып жатқан нақты шаралар туралы баяндаса, Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев өңірдегі ахуалға тоқталып, жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы айында облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны 50 пайызға төмендегенін мәлімдеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров заңнамалық өзгерістердің маңызын тілге тиек етсе, Тараз қаласындағы Отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира Мырза-Ғали өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу тетіктері туралы әңгімеледі. Ал, «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Маржан Еликулова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама ұлттық құндылықтарға негізделген, заманауи талаптарға сай берік отбасы моделін қалыптастыруға бағытталған.
Форум аясында қатысушылар Әулиеата өңірінде жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, тәжірибе алмасты.