Референдум 15 марта

Тасқынның алдын алу шараларын күшейту қажет

0 8

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының Әулиеата ауданына қарасты Бектөбе тұрғын алқабында болып, ауласын су басқан тұрғын үйлерді аралап көрді.  Айта кетейік, қалың қардың еруі мен жауын-шашын салдарынан облыс орталығындағы бірнеше жеке тұрғын үйдің ауласын су басқан.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою жұмыстарына 109 адам және 40-тан астам техника жұмылдырылды. Су басу қаупін азайту мақсатында құм толтырылған қаптар төселіп, шамамен 4-5 тонна инертті материал пайдаланылды. Ұзындығы 250-300 метр қорғаныс бөгеті жасалды. Сонымен қатар, аулалар судан тазартылып, арық-дренаж жүйелері механикалық тәсілмен аршылды. Жұмыстар жалғасуда.

Ербол Қарашөкеев атқарылып жатқан жұмыстармен танысқаннан кейін, Тараз қаласы әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

– Таразға екі күн бойы толассыз қар жауды. Қар қалыңдығы 63 сантиметрге дейін жетті. Ауа райының күрт жылынуына байланысты жүктеме артып отыр. Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс орталығындағы барлық арық-атыздар мен каналдарды толық тексеріп, уақтылы тазарту қажет. Мәселені салдарымен күресу арқылы емес, алдын алу шараларын күшейту арқылы шешуіміз керек. Көктем мезгілі жақындап келеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың қайталану ықтималдығы жоғары, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі су басу қаупі жоғары аймақтарды тұрақты бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, әлеуметтік желілердегі тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.