Болашаққа бағдарланған құжат

0 8

Облыстық ақпараттық топ мүшелері Үлгілі орта мектебінің мәжіліс залында ұстаздар қауымымен, Қостөбе ауылдық клубында ауыл тұрғындарымен  кездесті.

Алқалы жиынды аудан әкімі Олжас Баққараев ашып, Конституцияның жаңа жобасының преамбуласында: “…Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап,….” деген тұжырымның бекітілуіне  тоқталды.  Конституциялық реформаның ел өміріне әкелетін өзгерістері туралы айтты.

Алғашқы болып сөз алған, облыстық ақпараттық топтың  мүшесі, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Құлекеев жиын қатысушыларының назарын Қызылорда қаласында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық өзгерістерге, Ата Заңның қоғам өміріндегі рөліне, 4-баптың бірінші тармағы “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі-Қазақстан халқы” деген сөздің терең мағынасына аударды. Заң жобасын қолдау мемлекеттің және оның халқының одан әрі дамуына азамат ретінде өз үлесіңді қосу дегенді білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар, Батырбек Әбдірәсілұлы жалпыұлттық референдумға дейін жаңа Ата Заң жобасына қатысты ұсыныстар мен пікірлер назарға алынатындығын жеткізді.

Облыстық ақпараттық топтың мүшесі,  филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту басты орынға қойылғандығын, Егемендік пен Тәуелсіздік ұғымдарының қатар бекітілуінің маңыздылығын мысалдарға сүйене отырып түсіндірді. Ата Заң жобасындағы  12-баптың 3-тармағында: “Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады” деп көрсетілгендігіне басымдық бере отырып, қос немесе көп азаматтыққа тыйым салынғандығын жеткізді. “Заң мен тәртіп” қағидаты,  білім құндылықтарын дамыту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру,  тіл мәселесі, ғылым мен инновацияны дамыту, болашақ ұрпаққа тарихи мұраны сақтау мен жеткізу, яғни  мемлекет пен азамат үшін ең басты құндылықтар Конституция жобасында бекітілгендігін айтты.

Аудан әкімі Олжас Елебекұлы Конституция жобасында көзделген адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, ұлттық бірлікті нығайтуға және  азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғандығын  атап өтті.

Жиын қатысушылары  елдің Ата Заңын жаңартуды қолдайтындықтарын білдірді. Үлгілі орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Мелдебекова, мектеп директоры Ақмарал Телеуова, қостөбелік Хамбар Арғынбаев жаңартылған  Конституцияның негізгі ережелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.