Көлік дөңгелектерін қалай сақтау керек?

0 4

Маусымдық шина ауыстырғаннан кейін жүргізушілердің басым бөлігі екінші жиынтығын гаражға немесе қоймаға қояды да, бірақ сақтау шарттарына аса мән бере бермейді.

Шиналар көбіне бірінің үстіне бірі үйілген күйі ұзақ уақыт тұрады. Алайда дұрыс сақталмаған резеңке бірнеше айдың ішінде-ақ деформацияға ұшырап, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан шиномонтаж мамандары шиналарды келесі маусымға дейін қалай дұрыс сақтау керектігін түсіндірді.

Автокөлік шиналары жолда жүргенде ғана тозады деп ойлау қате. «Naavtotrasse.ru» порталының мәліметінше, шиналар көлік пайдаланылмай тұрған кезеңдегі сыртқы факторларға да өте сезімтал. Қысым, температура, шинаның қойылу қалпы, тіпті күн сәулесінің түсуі – мұның бәрі резеңкенің күйіне тікелей әсер етеді. Егер осы талаптар ескерілмесе, жарты жылдың ішінде шиналар қатайып, жарылып немесе пішінін жоғалтуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде көлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді.

Мамандар ең алдымен дискпен бірге тұрған дөңгелектер мен жеке алынған шиналарды сақтау тәртібі мүлде бөлек екенін ескертеді. Бұл екі нұсқаны шатастыруға болмайды.

Дискідегі дөңгелектер мен жеке шиналарды сақтау. Дискіге орнатылған дөңгелектерді бірінің үстіне бірін қойып сақтауға болады. Алайда, жүктеме бір нүктеге түспеуі үшін оларды мезгіл-мезгіл орын алмастырып отырған жөн. Сонымен қатар сақтауға қояр алдында ішіндегі ауаны шамамен 30-40 пайызға дейін азайту ұсынылады.

Дискідегі дөңгелектерді үйіп қоюға болады, бірақ сақтау кезінде резеңкеге артық салмақ түспеуі үшін қысымды азайтқан дұрыс, – дейді шиномонтаж шеберханасының иесі naavtotrasse.ru порталына берген сұхбатында.

Ал дискісіз шиналарды бірінің үстіне бірін қоюға болмайды. Мұндай жағдайда оларды тігінен, протекторына тіреп сақтайды. Сондай-ақ бүкіл сақтау мерзімі ішінде шиналарды мезгіл-мезгіл бұрып отырған жөн, осылайша сіз оның бір бөлігінің ғана майысып қалуының алдын аласыз.

Температура, жарық және сақтау алдындағы дайындық. Шиналар сақталатын бөлмедегі микроклимат та аса маңызды. Мамандар ең қолайлы температура 5-10°C аралығы деп есептейді. Қатты суық та, шамадан тыс ыстық та резеңке үшін зиян. Сонымен қатар шиналарды тікелей күн сәулесі түсетін жерде немесе ылғалды ортада қалдыруға болмайды. Ультракүлгін сәуле мен ылғал резеңкенің тез тозуына, серпімділігін жоғалтуына әкеледі.

Сақтауға қоймас бұрын шиналарды мұқият жуып, протектордағы тас пен кір-қоқысты тазалау қажет. Одан қалды резеңкені ауа кірмейтін қаптарға салмаған жөн, ауаның жоқтығы шинаның сапасына әсер етеді.

Қорғау және қосымша күтім. Ұзақ уақытқа сақтауға қалдырғанда мамандар силиконды майлау құралдарын қолдануға кеңес береді. Ол резеңкенің серпімділігін сақтап, кеуіп кету мен ұсақ жарықтардың пайда болуын тежейді. Бұл міндетті шара болмаса да, шинаның қызмет ету мерзімін едәуір ұзартады және дискідегі дөңгелектерге де, жеке шиналарға да қатар қолданылады.

Сондай-ақ кеміргіштерден қорғауға ерекше көңіл бөлу қажет. Тышқан сияқты жануарлар резеңкені зақымдап, оны мүлде жарамсыз етіп жіберуі мүмкін. Сондықтан шиналарды оқшауланған бөлмеде сақтау немесе арнайы қорғаныш қаптарды пайдалану – ең тиімді шешім.

Шиналарды дұрыс сақтау көп шығынды талап етпейді, алайда ол резеңкенің сапасын сақтап, келесі маусымда артық шығын мен қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.