Өңір медицинасын жаңғырту – басты назарда

0 6

Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова облысымызға жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар медициналық ұйымдардың қызметімен танысты. Сапардың мақсаты – медициналық көмектің сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және саладағы өзекті мәселелерді саралау.

Алдымен вице-министр облыстық көпбейінді ауруханаға барды. Медициналық ұйымның бас дәрігері Марат Жұманқұлов аурухананың қызметі, материалдық-техникалық базасы, даму бағыттары мен көрсетілетін медициналық көмектің түрлері туралы баяндады. 150 жылдық тарихы бар бұл аурухана өңір тұрғындарына жедел әрі жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Құрамында 14 бөлімше жұмыс істейді. Мұнда нейрохирургиялық, кардиохирургиялық және интервенциялық операциялар сәтті жүргізілуде. Соңғы жылдары аурухана инфрақұрылымы жаңартылып, заманауи медициналық технологиялар белсенді түрде енгізіліп келеді.

Вице-министр кардиологиялық қызмет көрсететін бөлімшелердің жұмысымен танысып, жедел және жоспарлы коронарографиялық зерттеулерді жетілдіру бағытындағы нәтижелерді жоғары бағалады. Сонымен қатар, бас дәрігер медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру үшін нейроинсульт, реанимация және кардиохирургия бөлімшелерін Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтеріне сай жаңа құрал-жабдықтармен толықтыру қажеттігін атап өтті. Бұл жоғары технологиялы диагностика мен емдеу әдістерін кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Әлия Шайзадақызы медициналық құрылғыларды сатып алу процесін жеделдетудің маңыздылығын айтып, бұл өңір тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыратынын жеткізді.

Сапар барысында вице-министр облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында да болды. 2023 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген орталық 255 төсек-орынға есептелген және онкологиялық аурулар мен ісікке дейінгі жағдайлар бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді. Мұнда рентгенологиялық, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, радиологиялық және зертханалық кешенді тексерулер жүргізіледі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 140-ты құрады. Ерте анықтау деңгейі 29,8 пайызға жетіп, аурудың кеш сатысында анықталуы 9,6 пайызға төмендеген. Онкологиялық скрининг аясында сүт безі, жатыр мойны және колоректальды қатерлі ісік түрлері тексеріліп, кейбір жағдайлар жасанды интеллект технологиясының көмегімен анықталған.

Орталықта тапшы мамандарды тарту мақсатында тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбекақыны арттыру секілді қолдау шаралары қарастырылған. Алдағы 2026–2027 жылдары жаңа медициналық технологияларды енгізу, жылжымалы медициналық кешен, ангиограф және екінші сызықтық үдеткіш сатып алу жоспарлануда.

Сапар кезінде вице-министрге орталықта енгізілген ПАКС жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектпен жұмыс істейді және ісіктерді 1 мм-ден бастап анықтай алады.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен және Денсаулық сақтау вице-министрінің қатысуымен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңеске министрлік өкілдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиында министрліктің мониторингтік тобы жүргізген өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметіне қатысты талдау жұмыстарының алдын ала қорытындылары қаралды. Айта кетейік, өткен аптада министрліктің жұмыс тобы Жамбыл облысындағы барлық емдеу мекемелерін, оның ішінде 10 аудандық медициналық ұйымды аралап, әдістемелік көмек көрсеткен болатын.

Кеңес барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен 2026 жылға жоспарланған негізгі міндеттер туралы баяндама жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша салада анықталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар айтылып, тиісті шешімдер қабылданды. Айжан Серікбайқызы жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.