Мемлекет басшысы: Құқық қорғау жүйесін цифрландыру жүйесіз жүргізіліп жатыр

0 2

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада өткен жиында құқық қорғау органдарындағы цифрландыру үдерісінің біркелкі емес екенін атап өтіп, цифрлық шешімдерді жүйелеу, азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейту және киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау туралы айтты. 

«Құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісі біркелкі емес, яғни әр жерде әрқалай. Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытып жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істейді. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс», деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін де айтты.

«Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек», деді Президент. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты.

«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет», деді ел Президенті.