Әулиеатада мәдени серпін: жаңа нысандар, жаңа жобалар

0 13

Жамбыл облысында мәдениет саласы жүйелі түрде дамып, өңір тұрғындарының рухани сұранысын өтеуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өткен жылдың қорытындыларына арналған алқа мәжілісінде саланың негізгі жетістіктері мен алдағы жоспарларын таныстырды.

Өткен жылы облыс аумағында 11 мәдениет нысаны пайдалануға беріліп, халық игілігіне қызмет ете бастады. Сонымен қатар 207 миллион теңгеге 16 мәдениет мекемесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл Жамбыл ауданында – 2, Талас ауданында – 2, Тұрар Рысқұлов ауданында 1 мәдениет үйінің құрылысы жоспарланып отыр.

Аймақ халқының білім мен руханиятқа деген сұранысын қанағаттандырып отырған 275 мемлекеттік кітапхана үздіксіз қызмет етуде. Жергілікті қаламгерлердің еңбектерін кеңінен насихаттау мақсатында «Әулиеата кітапханасы» («Aulieata library») мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымша арқылы «Google Play» және «App Store» платформаларында орналастырылған 115 автордың 276 кітабын электронды форматта оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ 2025 жылы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы ресми түрде іске қосылып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға серпін берді.

Облыс театрларының шығармашылық қоржыны да толыға түсті. Өткен жылы 11 жаңа қойылым сахналанып, жалпы 400 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Оларды 69995 адам тамашалады. Өнер саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебенің берілуі болды. К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония ұжымдары 316 концерт өткізіп, 79571 көрерменді қамтыды. Бұл – өңір тұрғындарының классикалық және дәстүрлі өнерге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.

Тарихи-мәдени мұраны зерттеу бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Ерте ортағасырлық «Бесағаш» (VI–XII ғғ., Атлах) қалашығының орнында 25 миллион теңгеге, сондай-ақ Қазақ хандығының туы тігілген аймақта 20 миллион теңгеге ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Облыс музейлерінде 2 563 экскурсия өткізіліп, түрлі тақырыпта 497 көрме ұйымдастырылды. 120 972 экспонатты 65 917 келуші тамашалады. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамында «Бауыржан Момышұлы» музейі ашылып, ел тарихындағы дара тұлғаның мұрасын насихаттауға жаңа мүмкіндік туды.

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы жанынан «Асабалар алаңы» қоғамы құрылып, той мәдениетіне арналған әдістемелік нұсқаулық жарық көрді. Ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген орталық «Әжемнің ертегілеріне саяхат» жобасын жүзеге асырып, ерікті әжелерге арналған ертегілер жинағын шығарды. Жалпы орталық тарапынан 7 кітап баспадан шықты.

Алдағы уақытта облыста 3 халықаралық, 9 республикалық және 40-қа жуық облыстық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шара өткізу жоспарлануда. Бұл бастамалар Жамбыл өңірінің мәдени әлеуетін арттырып, Әулиеата жұртшылығының рухани өмірін байыта түспек.

Жалпы, өңірдегі мәдени саясаттың басты мақсаты – халыққа қолжетімді, мазмұнды әрі сапалы мәдени орта қалыптастыру. Атқарылып жатқан жұмыстар осы бағыттағы жүйелі дамудың айқын көрінісі.