Қызылшаға қарсы күрес күшейтілді

0 4

Облыста қызылша ауруының таралуына жол бермеу мақсатында кешенді санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылданды. 2025 жылы өңірде аталған жұқпалы аурудың 927 жағдайы тіркелсе, оның шамамен жартысы қараша айының соңы мен желтоқсан айында анықталған. Осы кезеңде сырқаттанушылықтың күрт өсуі мамандарды шұғыл әрекет етуге итермеледі.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап 9–10 айлық сәбилерге қызылшаға қарсы ерте иммундау енгізілді. Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі балаларды қайта вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Балалардың екпемен қамтылуын арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептерде көшпелі медициналық бригадалар жұмыс істеді.

Нәтижесінде бұрын түрлі себептермен екпеден бас тартқан мыңнан астам бала вакцинамен қамтылды. Жыл қорытындысы бойынша бір жасқа дейінгі балаларды жоспарлы вакцинациялау деңгейі 98,6 пайызды, ал 6 жастағы балалар арасында 98,7 пайызды құрады. Қауіпсіздік мақсатында вакцинацияланбаған 143 бала уақытша мектепке дейінгі ұйымдарға барудан шеттетілді.

Індет ошақтарында 655-тен астам адаммен байланыста болған тұлға анықталып, олардың барлығы күнделікті медициналық бақылауға алынды. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен қосымша 20 мың доза вакцина сатып алуға қаражат бөлінді. Осылайша, 2025 жылдың желтоқсан айынан 2026 жылдың қаңтарына дейін өңірде 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы вакцинациядан өтті. Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде соңғы аптада қызылша ауруының таралуы 1,4 есеге төмендегені байқалып отыр.

Медицина мамандары қызылшаның аса жұқпалы ауру екенін ескертеді. Ауру ауа-тамшы жолы арқылы беріледі және тіпті, қысқа уақыттық қарым-қатынас кезінде де жұғуы мүмкін. Бұрын ауырмаған немесе вакцинацияланбаған адамның науқаспен байланысқа түсуі жұқтыру қаупін жүз пайызға дейін арттырады.

Қызылша пневмония, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, көру қабілетінің төмендеуі сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Ең қауіпті асқыну — баяу дамып, өлімге соқтыруы ықтимал қызылша панэнцефалиті.

Дәрігерлердің айтуынша, қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді жолы — вакцинация. Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, жоспарлы екпе 1 және 6 жаста жүргізіледі. Ауруды нақты емдейтін әдістің жоқтығын ескерсек, екпенің маңызы ерекше.

Сала мамандары барлық ата-аналарды балаларын қызылшаға және вакцина арқылы алдын алуға болатын өзге де жұқпалы ауруларға қарсы уақытылы екпеден өткізуге шақырады. Вакцинация — бала денсаулығын сақтаудың және өміріне төнетін қауіптің алдын алудың ең сенімді жолы.