Әлеуметтік және өндірістік жобалар жүйелі жүзеге асырылуда
Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі Талас ауданына жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік және өндірістік маңызы бар бірқатар нақты жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Сапар Ақкөл ауылындағы жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория бөлімшесінен басталды. Өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген медициналық нысанда бүгінде 2 дәрігер мен 7 орта буын медицина қызметкері ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп отыр. Заманауи талаптарға сай жабдықталған амбулатория ауыл халқының сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндік беріп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға оң әсерін тигізбек. Депутаттар медицина саласында жаңа технологияларды тиімді пайдалану қызмет сапасын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
Бұдан кейін халық қалаулылары «Talas Investment Company» ЖШС-нің екінші кезеңі аясында салынып жатқан зауыттың құрылыс алаңында болды. Аталған өндіріс орны толық іске қосылған жағдайда, кәсіпорын жылына 30 мың тонна натрий цианидін өндіруге қауқарлы болады. Қазіргі таңда зауытта 15 мың тонна өнім шығарылып отыр. Бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашады.
Жұмыс сапары барысында депутаттар аудан орталығы Қаратау қаласындағы «Игілік» көпсалалы кәсіпорнына қарасты орталық қазандық пен жаңадан іске қосылып жатқан мазут шаруашылығы ғимаратының жұмысымен танысты. Бүгінде бұл қазандық 156 көппәтерлі тұрғын үй мен 222 мекемені тұрақты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қыс мезгілінде жылу жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қосымша мазут қоры мен резервтік жүйенің маңызы зор. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар дер кезінде қолға алынған.
Сонымен қатар депутаттар аудандық көпбейінді орталық аурухананың қайта жаңғыртылып жатқан ғимаратын аралады. Елу жылдан астам уақыт бұрын салынған медициналық мекеменің кейбір корпустары әбден тозығы жеткен. Осы мәселе партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда әкімшілік корпус пен бір корпус бойынша жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Алдағы уақытта негізгі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Сапар аясында халық қалаулылары партияның аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауда ауылдарды газдандыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру секілді бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Әр сұрақ бойынша заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапты органдармен бірлесіп шешу жолдары қарастырылды.
Сапар соңында депутаттар Майтөбе ауылындағы төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты. Аталған бөлімше тек өрт сөндірумен ғана шектелмей, түрлі құтқару операцияларын жүзеге асыратын көпфункциялы құрылым болып табылады. Әсіресе қыс мезгілінде Тараз – Қаратау – Жаңатас бағытындағы облыстық маңыздағы жолда қарлы боран мен бұрқасын жиілеп, қозғалыс шектелетін кездерде бұл бекетке артылар жүк ауыр. Осындай сын сәттерде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дер кезінде көмек көрсету – бекет қызметкерлерінің басты міндеті. Осыған байланысты материалдық-техникалық жабдықталу, арнайы техникалармен қамтамасыз ету және жеке құрамның кәсіби дайындығы әрдайым басты назарда болуы тиіс екені айтылды.