Мәжіліс депутаты Меркіде
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым іссапармен Меркі ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.
Халық қалаулысын аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қарсы алып, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобаларды аралатып көрсетті. Іссапар барысында әлеуметтік салалардағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен сапасына айрықша назар аударылды.
Мәжіліс депутаты алдымен Меркі ауылында орналасқан «Балдәурен» бөбекжай-бақшасында болып, нысанда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Балабақшаның материалдық-техникалық жағдайы, жөндеу сапасы мен жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуы жөнінде жауапты мамандардан ақпарат алды.
Сонымен қатар, халық қалаулысы жаңадан пайдалануға берілген аудандық мұрағат ғимаратына барып, архив саласының қызметіне назар аударды. Құжаттарды сақтау талаптары, қызметкерлерге жасалған жағдай және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы сөз болды.
Іссапар аясында Гүлдара Алданышқызы орталық аудандық аурухананың жаңадан салынып жатқан қабылдау бөлімінің құрылыс жұмыстарын да көрді. Құрылыс қарқыны мен нысанның болашақта тұрғындарға көрсететін қызметінің маңыздылығы атап өтілді.
Мәжілісмен әлеуметтік нысандарды дамыту, халыққа сапалы қызмет көрсету – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да бақылауда болатынын жеткізді.