Ақбұлымға қоғамдық көлік қатынай бастады

0 7

Тараз қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бір дәлелі – қала тұрғындары үшін маңызды саналатын №31 жаңа автобус маршрутының ашылуы.

Жаңа бағытта қалалық тасымалдаушы «Smart City Service» мекемесі жеткізген «Golden Dragon» маркалы заманауи он автобус жолға шықты. Оның 9-ы №31 маршрут бойынша жолаушылар тасымалдайды, ал бір автобус резервте сақталады.

№31 маршрут Ақбұлым алқабынан басталып, Кірпіш зауыты, Жауғаш батыр, Балуан Шолақ, Абай, Байзақ батыр, Комратов, Қонаев, Сейфуллин, әл-Фараби, Төле би, Махамбет батыр көшелері арқылы өтіп, Ниетқалиев көшесінде аяқталады. Сонымен қатар, бағыт Минералды тыңайтқыштар зауытына дейін жалғасады. Маршруттың жалпы ұзындығы 23,5 шақырымды құрайды. Қозғалыс аралығы 13 минут.

Айта кету керек, Ақбұлым алқабы Байзақ және Жамбыл аудандарынан Тараз қаласының аумағына қосылған елді мекен болғандықтан, оны қоғамдық көлікпен қамту мәселесі тұрғындар үшін өзекті болып келген.

Қазіргі таңда Тараз қаласында 9 компания 50 маршрут бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырып отыр. Соңғы төрт жылда қаладағы автобус паркі 388 жаңа қоғамдық көлікпен толықты. Атап айтқанда, 2021 жылы – 32, 2022 жылы – 37, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 155, ал 2025 жылы 91 жаңа автобус сатып алынған.

Бұл бастама қала тұрғындарының қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.