Халық қалаулылары әлеуметтік нысандардың жай-күйін зерделеді

0 12

Меркі ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жұмыс сапарымен болды.

Халық қалаулыларын аудан әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қарсы алып, аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралатып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.

Депутаттардың жұмыс сапары Қызылсай ауылында орналасқан тарихи-танымдық «Қара кемпір» музейінен басталды. Мұнда музейдің бүгінгі жағдайы, келушілерге ұсынылатын экспозициялар мен нысанды дамыту мәселелері сөз болды.

Одан кейін Мәжіліс депутаттары «Андас-1, 2, 3» су қоймаларын аралап көрді. Аталған су нысандарының ауылшаруашылығын дамытудағы маңызына ерекше назар аударылып, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ халық қалаулылары Ойтал ауылдық округіне қарасты Меркі бекеті ауылында салынып жатқан аспалы көпірдің құрылыс барысымен танысты. Депутаттар бұл нысанның тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қатынас орнатудағы маңызын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында Тәтті ауылындағы мектеп-интернаттың жағдайы, «Алпамыс» спорт кешенінің қызметі зерделенді. Әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасы мен тұрғындарға көрсетіліп отырған қызмет сапасына мән берілді.

Мәжіліс депутаттары мен партия өкілдері сапар барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды заңнамалық және атқарушы билік деңгейінде шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.