Адал қызмет — басты міндет
Облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев жұмыс сапарымен Меркі ауданына барып, жергілікті құқық қорғау органдарының бүгінгі жағдайымен және алдағы жоспарымен танысты. Сапар барысында күрделі жөндеуден өткен аудандық полиция бөлімінің жаңартылған ғимараты көрсетілді. Заманауи жабдықталған кабинеттер, қызметтік бөлмелер мен қабылдау орындары тәртіп сақшыларының жұмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
ПД бастығы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейдегі «Жас сақшылар» полиция сыныбына да атбасын бұрды. Жасөспірімдермен кездесуде ол патриоттық тәрбиенің, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Меркі тұрғындарымен өткен ашық диалогта қоғамдық тәртіп, құқықбұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және учаскелік инспекторлардың жұмысы сөз болды. Әрбір сұраққа нақты жауап берілген жиында Қайсар Сұлтанбаев полиция тарапынан жүргізіліп жатқан шараларды кеңінен түсіндіріп, халықпен өзара сенім мен әріптестікті нығайту басты басымдық екенін жеткізді.
Сонымен бірге «Арақсыз ауыл» акциясына белсенді қатысқан азаматтар марапатталды. Бұл бастама ауылдық ортадағы саламатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беріп отырғаны атап өтілді.
Одан кейін ПД бастығы аудандық бөлімнің жеке құрамымен жедел кеңес өткізіп, он бір айдың нәтижесін талдады. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қызмет тәртібі, тәртіптік жауапкершілік және профилактикалық шараларды жетілдіру мәселелері қаралды. Әсіресе ювеналдық полицияның жұмысын күшейту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында нақты міндеттер белгіленді. Жақын уақытта бөлімшелер қосымша қызметтік автокөлікпен қамтамасыз етілетіні, ал қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесі күн тәртібінде екені айтылды. Бұл — мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың айқын көрінісі.
Кеңес соңында ПД бастығы учаскелік полиция инспекторларының халықпен байланысын жандандыруды, әрбір өтініш пен шағымды мұқият қарап, қағидатты шешім қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, бүгінгі талап — формализмнен арылып, азаматтар мүддесін бәрінен жоғары қою.
Меркідегі кездесулер қорытындысында Қайсар Сұлтанбаев «Тиімді қызмет атқаруға барлық жағдай жасалуда. Ең бастысы — адалдық пен жауапкершілік», деп атап өтті.