Сарыкемерде саламатты өмір салтына жол ашылды
Сарыкемер ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Заманауи спорт нысанының ашылуы ауыл тұрғындары үшін айтулы оқиғаға айналды.
Аудан әкімі Олжас Баққараев құттықтау сөзінде бұқаралық спортты дамытудың маңызын атап өтті.
– Спорт – ұлт саулығының кепілі. Осындай кешендер жастарды зиянды әдеттерден сақтап, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейді. Мемлекет тарапынан спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл нысан да сол жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді Олжас Баққараев.
Жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асатын кешенде волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, толық жабдықталған жаттығу залы қарастырылған. Нысан ауыл жастарының ғана емес, барлық тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына мүмкіндік береді.
Кешен құрылысы жобасының жалпы құны 302,5 миллион теңгені құрайды. Ол Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды. Құрылыс жұмыстарын «Bek Stroy – 2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы әрі белгіленген мерзімде орындап отыр.
Бүгінде Байзақ ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданда 208 спорттық инфрақұрылым нысаны мен 45 шағын футбол алаңы тұрғындар игілігіне қызмет етіп отыр.
Іс-шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров пен Байзақ ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Асқар Смайылұлы жаңа нысанның лентасын қиып, ақжаулықты аналар шашу шашты.
Жаңа спорт кешені ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға тың серпін беретіні сөзсіз.