Халықтың сүйікті дәрігері

0 7

Әулиеата өңірінде көптің алғысына бөленіп, талай жанның тағдырын ажалдан арашалаған белгілі дәрігер, профессор, қаламы қарымды қаламгер Сағындық Ордабековтің 75 жылдық мерейтойына орай облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханада тағылымға толы кеш өтті. Қарапайым мінезі мен адамға деген шексіз жанашырлығымен ел ықыласына ие болған дәрігерді ұлықтауға зиялы қауым өкілдері, әріптестері, шәкірттері және жас медицина қызметкерлері жиналды.

Кештің шымылдығы балдырғандардың дәрігерге арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқуымен ашылып, мерейтой иесіне «Мың алғыс дәрігерлерге» әнімен ерекше құрмет көрсетілді. Алғашқы құттықтау сөзді алған балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин көпшілікке белгілі бір қызықты оқиғаны еске салды. Оның айтуынша, кезінде Тараз маңында тұрған атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов денсаулығы сыр беріп, облыстық ауруханаға түскен шақта оны емдеген – дәл осы Сағындық Ордабеков. Қарапайым пиджагы мен спорттық бринджин киіп жүрген Шәмшіні көрген дәрігер алғашында танымай қалса да, кейін науқастың елге танымал тұлға екенін білгенде, оның қарапайымдылығына таңырқапты. Операциядан кейін аурухананың мәжіліс залында Шәмші ағамен халықтың кездесуін ұйымдастыру да белгілі дәрігердің бастамасы болған.

Кеш барысында медицина ғылымдарының беделді өкілдері мен зиялы қауым мүшелері Сағындық Ордабековтің кәсіби жолы мен адами қасиеттеріне тоқталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ дәрігердің әдебиетке сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, күрделі операциялар жасап жүріп-ақ, қоғамдағы маңызды мәселелерге үн қосып, мазмұнды мақалалар жазуы – ерекше қабілет пен үлкен жауапкершіліктің белгісі. Сонымен қатар, жазушы Несіпбек Дәутайдың «Айғыркісі» әңгімесіне жасаған терең талдауының республикалық басылымда жарық көруі – Сағындық ағамыздың әдебиетке деген адалдығының айқын дәлелі екені айтылды. Ғалым туған ауылына мешіт, асхана, көрнекті қақпа салып, елдімекеннің өркендеуіне үлес қосқаны да көпшілікке өнеге ретінде ұсынылды.

Сахна төрінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев дәрігерге арнаған жаңа әнін орындап, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Кешке арнайы келген белгілі тұлғалар – академик Өскенбай Мәдиев, спорт ардагері, жаттықтырушы Қарауылтегі Таурбек, қоғам қайраткері Асаубай Майлыбаев, медициналық колледж директоры Пернебай Асқаров және тәжірибелі хирургтар Ғалымжан Бүтінбаев пен Жантөре Молдашев жүрекжарды тілектерін арнап, ізгі лебіздерін жеткізді.

Кітапхана қызметкерлері Сағындық Ордабековтің «Беймаза дүние», «Көкіректегі күмбірлер», «Іште қалған сөз жетім», «Әріптестер әлемі», «Сөнбейтін жарық сәуле», «Жамбыл облысы медицина тарихы» секілді кітаптарына әдеби шолу жасады. Кешке қатысқан жас студенттер мен болашақ дәрігерлер де мерейтой иесіне сұрақтарын қойып, тәжірибелі хирургпен емен-жарқын әңгімелесті.

Жылы ықыласқа толы басқосуды кітапхана директоры Эльмира Абдинова қорытындылап, мерейтой иесіне шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тіледі. Ел ардақтысы атанған Сағындық Ордабековтің өмір жолы – адамға қызмет етудің, қарапайымдылық пен парасаттың үлгісі екені тағы бір мәрте дәлелденді.