Шәкен Ниязбеков мұрасы ұлықталды

0 3

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы, көрнекті суретші, елдік рәміздердің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан Шәкен Ниязбековтың шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Суретшінің бай мұрасын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан игі шараның ұйымдастырылуына «Көне Тараз» қоғамдық қоры мұрындық болды.

Жиын алдында қатысушылар облыс орталығындағы №40 мектептің алдына орнатылған Шәкен Ниязбековтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Бұдан әрі жалғасқан жиынды облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі ашып, Шәкен Ниязбеков туындатқан ұлттық рәміздеріміздің ел болмысындағы орны мен маңыздылығына тоқталды.

– Бұл конференция ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік рәміздердің тарихы мен көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты талқылау, болашақ ұрпаққа оның мәнін терең түсіндіру жолындағы маңызды алаң болып отыр. Өнер мен тарих тоғысқан бүгінгі басқосу тек өткенге тағзым ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар болмақ. Ұлттық идея мен елдік сананы бейнелейтін Туымыздың авторы Шәкен Ниязбековтың шығармашылық мұрасы ұлт мақтанышы, ұлттық құндылық, – деді ол өз сөзінде.

Алқалы жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер және мүсіншілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Тәжікстан Суретшілер одағының төрайымы Наргис Хамидова, Қырғыз Республикасы Суретшілер одағының төрағасы, Халық суретшісі Таалайбек Усубалиев, КСРО және Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Фатима Тарази, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимов сөз алып, Шәкен Ниязбековтың өмір жолы мен еңбектерінің мән-маңызына тоқталды. Олар суретшінің шығармашылық мұрасы – тек Қазақстанның ғана емес, түркі әлемінің ортақ құндылығы екендігін атап өтті.

Екі ай бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланған «Егемендіктің ұлық нышаны» атты жас суретшілер байқауы да осы конференциямен қорытындыланды. Мемлекеттік рәміздердің мәнін жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 65 жас қылқалам шебері қатысқан. Әділқазылар шешімімен 8 үздік жұмыс анықталды.

Шәкен Ниязбековтың шығармашылығына арналған бұл жиын – ел рәміздеріне деген құрметті арттырып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің айқын үлгісі. Конференция барысында айтылған ойлар мен ұсыныстар болашақта ұлттық рәміздерімізді ғылыми және мәдени тұрғыда тереңірек зерттеуге жол ашпақ. Тараз төріндегі тағылымды шара Туымыздың авторына деген құрмет қана емес, ұлттық құндылыққа деген шексіз сүйіспеншіліктің символына айналды.