«Бөртегүлдер бүр жарғанда» оқырманға жол тартты

0 9

Әдебиет айдынына тағы бір айтары мол жаңа кітап келіп қосылды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет және Білім салаларының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Үміт Битенованың «Бөртегүлдер бүр жарғанда» атты жыр кітабы Алматы қаласындағы «Кітап» баспасынан жарық көрді.

22 баспа табақ болатын көлемді жинақтың алғысөзін белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай жазған. Осыдан-ақ, ақын жырларының сом алтындай салмағын сезіне беруге болатындай. Ол Үміт ақынның өрелі жырларынан үзінді келтіріпті.

Екпін жоқ Таласта да, Асада да,

Баяғыдай сені үшке бөліп жатқан.

Жұрт та жоқ қонысы ед деп ата-баба,

Көш бұрып қайта оралып келіп жатқан, – деген ақынның өлең жолы ойға жетелейді. Бұл – Үміт ақынның туған жері Үшаралға арнаған өлеңі.

«Мен Үмітті қай жерден қашан көрсем де, елгезек, елпілдеген сәтін байқаймын. Қанаттас, қаламдас қарындасым бізге осы қалпымен ұнайды», – деп толғаныпты.

«Бірге өрілген ертеңі мен бүгіні,

Бұл өмірдің бар ырымы, тыйымы.

Адамдықтың ала жібін аттама,

Адал болу – қиынның ең қиыны», – деп Үміт ақын «Қиынның ең қиыны» атты өлеңінде толғанады.

Бұл туралы белгілі әдебиетші, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ кітаптың алғысөзінде: «Үміттің өлеңдерін бұған дейін де оқып, пікір білдіргенбіз. Сол жырларынан-ақ мінезі байқалатын. Ал, бұл өлеңдерінде сол мінезділік тұғырына біржола мініп, ақ алмас қылыштай жарқылдағанын байқадық. Өмірге сақа көзқараспен қарайды. Жақсыны жақсы деп, жаманды да өмірдің ажырамас бір көрінісі деп, олардың әлімсақтан жалғасып келе жатқан тоқтаусыз майдандасуын өмір заңдылығы деп біледі. Үміт жақсылықты қолдайды. Жаны ізгі адамдарды көңілі қалайды. Өлеңдері өміршең», – деп ой толғайды.

Үміт Битенова адал болмысы, өрелі ақындығымен ерекшеленіп жүрген дарын иесі. Осы кезге дейін де «Балабақшадан басталған…» атты романы, бірнеше хикаяттары мен жыр жинақтары жарық көрген. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Үміт Битенованың өлең тақырыптары сан алуан. Үнемі ізденістен жалықпайтын, көзқарасы жаңашыл Үміт Қыранқызының «Бөртегүлдер бүр жарғанда» атты жаңа жинағы да жақсы жырларға толы екені анық.

Ақынды жаңа жыр жинағымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз. Іші алтын ойлармен, гауһар жырларға толы кітапты оқуға асығыңыз, оқырман!