Бас ауруымен күрестегі алты қателік

0 9

Бас ауруын басу үшін қолданылатын кейбір танымал тәсілдер денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін. Бұл туралы невролог дәрігер Марианна Джикия айтты.

Маманның айтуынша, ең қауіпті қателіктің бірі – ауырсынуды басатын дәрілерді өз бетінше және бақылаусыз қабылдау. Егер адам дәріні уыстап ішсе немесе аптасына 2-3 реттен жиі қолданса, ол абузус деп аталатын жаңа, әлдеқайда қауіпті – дәрілік бас ауруына ұшырауы мүмкін. Себебі, дәрінің әсері біткен бойда ауырсыну қайта оралады, ал адам тағы да жаңа дозаны ішеді. Уақыт өте келе бұрынғы мөлшер әсер етпей қалады, ал бауыр, бүйрек пен асқазан уытты әсерден зақымдана бастайды, деп ескертті дәрігер.

Сондықтан ол ауырсынуды басатын дәрілерді нұсқаулыққа сай, айына 10-15 күннен артық қабылдамауға кеңес берді. Егер ауырсыну жиі қайталанса, дәріханаға емес, дәрігерге бару қажет.

Екінші жиі кездесетін қателік – бас ауруына шыдап жүру. Неврологтың айтуынша, бұл да қауіпті тәсіл. Кенеттен басталған, өте қатты немесе бұрын болмаған ерекше ауырсыну – инсульт, аневризма, менингит не қан қысымының күрт көтерілуі сияқты ауыр дерттің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда шыдау – уақытты жоғалту деген сөз, – деп қосты ол.

Маманның айтуынша, мынадай белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақыру керек:

  • найзағайдай соғып өткен секілді, бірнеше секундта пайда болған өткір ауырсыну;
  • есінен тану, сөйлеу қабілетінің бұзылуы, қол немесе аяқтың әлсіреуі, беттің қисаюы;
  • 50 жастан кейін алғаш рет пайда болған бас ауруы;
  • ауырсынудың тез күшеюі.

Үшінші қауіпті жаңсақ пікір – «қан тамырын кеңейту үшін аздап алкоголь ішу».

Бұл – өмірге қауіп төндіретін миф. Иә, спирт уақытша ауырсынуды басуы мүмкін, бірақ біраз уақыттан соң ол күшейіп қайта оралады. Бұдан бөлек, алкоголь ағзаны сусыздандырады, қысымды көтереді және мигреньді қоздыруы мүмкін. Егер гипертониялық криз немесе инсульт қаупі болса, алкогольді мүлде ішуге болмайды, – деді Джикия.

Төртінші қателік – суық немесе ыстық компрессті орынсыз қолдану.

Маманның түсіндіруінше, температуралық әсер дұрыс таңдалмаса, жағдайды нашарлатуы ықтимал. Мысалы, маңдайға мұз қою мигрень кезінде көмектеседі, бірақ гипертониясы бар адамдарға қауіпті, өйткені ол тамырларды тарылтып, қысымды одан әрі көтереді. Ал ыстық душ немесе жылы компресс, керісінше, кернеуден туындаған бас ауруына пайдалы, бірақ мигрень мен жоғары қысым кезінде қауіпті, себебі қан тамырлары кеңейіп, ауырсыну күшейеді. Егер ауырсынудың себебі белгісіз болса, мұндай тәжірибе жасауға болмайды.

Бесінші жиі қателік – медициналық білімі жоқ мануальді терапевтке бару.

Мойын омыртқасына жасалған дөрекі қозғалыстар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай «ем» миға қан жеткізетін артерияларды зақымдап, инсульт туғызуы ықтимал. Сондықтан тек лицензиясы бар дәрігер-вертебрологқа немесе неврологқа жүгіну керек. Кез келген осындай процедура алдында мойынның МРТ-сын жасату қажет, – деп ескертті дәрігер.

Алтыншы қателік – басқа адамның рецептпен алған дәрісін ішу.

Джикияның айтуынша, «көршіме көмектесті» деген дәріні қабылдау өзіңе кері әсер етуі мүмкін: күшті аллергиялық реакция туғызу немесе симптомдарды уақытша жасырып, нақты диагноз қоюды қиындату қаупі бар. Бір ауруға пайдалы дәрі (мысалы, мигреньге қарсы) басқа себептен болған бас ауруында мүлдем әсер етпейді.

Бір ғана дұрыс жол бар – невропатологқа немесе терапевтке барып, себепті анықтау. Бас ауруы – диагноз емес, ол тек бір аурудың белгісі. Емдеу ауырсынуды емес, оны туғызған дертті нысанаға алуы тиіс. Ал, дәрігерге бармай тұрып, қауіпсіз тәсілдерді қолдануға болады: бөлмені желдету, баяу серуендеу, бір стақан су ішу, тыныш әрі қараңғы бөлмеде демалу және самайға жеңіл массаж жасау, – деп қорытындылады маман.